Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
2021 жылдың сәуір айында Павлодар облысы Успен ауданының полициясына Константиновка дәрігерлік амбулаториясының қызметкерінен аудандағы ауылдардың бірінің үйінен жүкті әйелдің денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түседі.
“Көрсетілген мекенжайға келген полиция қызметкерлері оқиға орнын тексере келе, әйелдің өлтірілуі мүмкін деген болжам жасайды. Бұл істі тергеу полиция бөлімі бастығының орынбасары Асқар Аралбаевқа және аға тергеуші Мақсат Дүйсембаевқа тапсырылды. Олар болған оқиғаны мұқият зерттеп, куәгерлерден жауап алады”, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жауап алу кезінде марқұмның анасы таңертең күйеу баласының "Саған не болды?" деген айқайынан оянғанын айтты. Көрші бөлмеден жүгіріп келген ол қызының еденде жатқанын көрген, ал күйеу баласы қолымен әйелдің кеудесін басып, жасанды тыныс жасап жатқан. Дәрігерлер келген соң ер адам әйелінің ауырып қалғанын, ентігіп, еденге құлағанын айтты. Ал ер адам болса сол кезде әйелге алғашқы көмек көрсеткен.
Тергеу барысында полицейлер ағаш тақтайшаларынан тұратын осы бөлменің еденін ашты. Тақталардың арасында қан бөлшектері, сондай-ақ құрамында хлор бар заттың ерітіндісі табылды. Бұл ер адамның қылмыстың ізін жасырмақ болғанын көрсетеді.
Қажетті дәлелдемелерді жинау, сондай-ақ жүргізілген сараптамалар барысында полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтады.
Түнде ерлі-зайыптылар арасында қызғаныш негізінде жанжал шыққан. Салдарынан ер адам жүкті әйелін тұншықтырып өлтірген. Содан кейін ол қылмыстың іздерін жоя бастаған, қан дақтарын тазалап, жазадан құтылу үшін отбасы мен полиция қызметкерлерін шатастырмақшы болып: "не болды саған?" деп айқайлай бастайды. Осылайша, ол әйелдің тұншығып қалғанын және оған көмектесуге тырысқанын айтады.
“Полиция қызметкерлері Асқар Аралбаев пен Мақсат Дүйсембаевтың кәсібилігі мен ұқыптылығының арқасында қылмыскер лайықты жазаға тартылды. Барлығын бірте-бірте жинай келе, тергеушілер қылмысты ашып, барлық қажетті тергеу шараларын жүргізіп, ер адамның кінәсін дәлелдеді”, – деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер аталған қылмысты жасағаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанын атап өтті.
Марқұм болған әйелдің артында екі баласы қалды.