Қылқан жапырақты ағаштар шаң-тозаңды ағаштың басқа түрлеріне қарағанда 20-30 есе көп тазартады - сарапшылар - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қылқан жапырақты ағаштар шаң-тозаңды ағаштың басқа түрлеріне қарағанда 20-30 есе көп тазартады - сарапшылар

Қылқан жапырақты ағаштар шаң-тозаңды ағаштың басқа түрлеріне қарағанда 20-30 есе көп тазартады - сарапшылар

Қылқан жапырақты ағаштар, жапырақты ағаштарға қарағанда шаң-тозаңды 20-30 есе көп тазартады.

  • 29 Қыркүйек 2014
  • 4305
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Алматы облысы, Кербұлақ ауданының Басши ауылдық округінде өткен «Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында білім беру ұйымдарында тәрбие мен оқытуды қалыптастыру жолдары», — деп аталатын тәжірибелік семинарда айтылды. 

Онда сөз сөйлеген мамандар қылқан жапырақты ағаштардың адам ағзасына өте пайдалы екендігін, сондықтан, әр ауылда, әр мектептің ауласында қылқан жапырақты бақ болу керектігін алға тартты. Бұл елді мекендердің маңындағы қатары сиреп, аумағы кішірейе бастаған тоғайларды қалпына келтіруге ықпал етеді әрі тұрғындарды шаң-тозаңнан құтқарады.

«Біз қазір жыл сайын мектеп оқушылары арасында табиғат тақырыбында сурет салудан шеберлік-сыныптары мен балаларға қатысты ұлттық ойындар бойынша жарыстар өткізіп тұрамыз. Басты мақсатымыз — ауылды көркейту. Өздеріңізге мәлім, көп мектептердің ауласы негізінен жапырақты ағаштармен көмкерілген. Ал олар күзде жапырақтары түсіп, қыста жалаңаштанып қалады. Сондықтан қылқан жапырақты ағаштар отырған жақсы. Өйткені ауаны тазартуда, оттегін көбейтуде қылқан жапырақты ағаштардың алар орны ерекше. Сондай-ақ балалар көктей жеп, уланып қалмаулары үшін мектеп аулаларына жеміс ағаштарын егуге болмайды», — деді өз сөзінде «Гүлстан» журналының бас редакторы, «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы, Кербұлақ ауданының құрметті азаматы медалінің иегері Гөзел Құлжабаева.

«Гүлстан» журналының ұйтқы болуымен Басши ауылындағы Райымбек атындағы орта мектептің ауласында өсімдіктер бағы жасалып, ауыл маңындағы 10 гектар жерге 27 түрлі ағаш пен 6 мың түп көпжылдық гүлдер отырғызылды. Ол — «Батыр аналар бағы» деп аталды. Сондай-ақ көрші Нұрым ауылында 5 гектар жерге 1200 түп жеміс-жидек ағашы отырғызылып, бұл баққа халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрғали Нүсіпжановтың есімі берілді.


Биылғы тәжірибелік семинарда «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен Алматы облысының Кербұлақ, Панфилов, Іле, Көксу аудандарынан келген 250 делегатқа 15 түрлі көпжылдық гүлдердің 6 мың түбі тегін таратылды. Ондағы мақсат — ауылдық жердегі білім беру мекемелерін ғана емес, өзге де әлеуметтік нысандарды көгалдандыру.