«Қымыздың қасиетін немістен үйренгеніміз қалай?» - республикалық басылымдарға шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қымыздың қасиетін немістен үйренгеніміз қалай?» - республикалық басылымдарға шолу

«Қымыздың қасиетін немістен үйренгеніміз қалай?» - республикалық басылымдарға шолу

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордада құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан мәдени-рухани және халықты сумен қамтамасыз етуге арналған бірқатар нысандарды аралап көрді. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Астананың абаттандырылуы өзге қалаларға үлгі болуы тиіс» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, Елбасы сондай-ақ Тәуелсіздік сарайының маңындағы жаңа «Әзірет Сұл­тан» мешітінің құрылысымен де та­нысты. Мешіт құрылысын Түркияның «Сембол» компаниясы жүр­гізіп жатыр. Бұл имандылық үйі келушілерге есігін осы жыл­дың аяғында ашатын болады. Құ­ры­лыс жұмыстарымен танысқан Мем­лекет басшысы осы жерде журналистерге шағын сұхбат берген.

  • 3 Маусым 2011
  • 584
Фото - Caravan.kz

Биылғы жыл еліміз үшін Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуімен, Астанада Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумының өтуімен ерекшеленеді. Бұл маңызды оқиғалар біздің елімізге инвестициялық капиталды және исламдық қаржыландыру индустриясына ірі-ірі қатысушыларды тартудың құралы болып табылатын исламдық қаржыландырудың кең өріс алуына жағдай жасайтын болады. «Егемен Қазақстан» газетінде «Исламдық қаржыландырудың ерекшеліктері мол» деген тақырыппен ҚР Премьер-Министрдің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрінің кеңесшісі Ерлан Байдаулеттен алынған сұхбатқа осы мәселелер арқау болған.

***

Алматыда «Гастроэнтерология — 2011» халықаралық конгресі өз тұсауын кесті. Бие сүті мен одан әзірленетін қымыздың емдік қасиеттерін паш етіп, оның емдеу ісінде жаңа заманға лайық жолдарын талқылауға арналған бұл жиынның Алматыда өткізілуі — әлбетте қуаныш, алайда Германиядан келген қонақ Ганс Цольманның қымыздың пайдасы жөнінде қазақ халқына дәріс оқуы бармақ тістетті. Осы жайт арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Қымыздың қасиетін немістен үйренгеніміз қалай?» деген тақырыппен жарияланды. Г.Цольманның айтуынша, қымыз — неміс халқының да сүйікті сусынына айналған. Олар бие сүтінің емдік қасиетін жақсы меңгеріп, түрлі дәрі-дәрмек, балалар тағамын әзірлеуге маманданып алыпты.

«Аппенин түбегінде велошабандоздардың «Джиро дИталия» көпкүндігі өз мәресіне жетті. Бұл жарыстың тұсауы 7 мамырда Турин қаласында кесілген еді. Сол кезден бері төрткүл дүниенің теңдессіздері «жан алысып, жан берісіп» айқасты», деп жазады «Айқын» газеті «Италияда бас жүлде алдық» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жекелеген кезеңдерде «Астананың» велошабандоздары бір мәрте ғана топ жарды. Бұл жеңіс италиялық Паоло Тиралонгоның еншісіне жазылды. Бергамо мен Макуньяго аралығын қамтыған 19 кезеңде ол алдына жан салған жоқ.

***

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰК жанындағы «Жоғары технологиялар институты» ЖШС-нің бас директоры Серік Қожахметовпен арадағы сұхбат «Еліміздің электр тарату жүйесінің қуатты ток көзін таратуға шамасы келмейді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазақстан қазақ атомшыларының бірнеше буыны қалыптасқанда ғана біз өзімізде нағыз ғылыми-техникалық зиялы қауым бар деп мақтанышпен айта аламыз. Атом өнеркәсібіне ақылды әрі талантты да талапты жастар көбірек келсе екен деп ойлаймын», — дейді.

Осы басылымның жазуынша, еліміздің барлық аймағында жанар-жағармайдың бір литрінің бағасы орташа есеппен 3-5 теңгеге өсті. Мәселен, Алматы қаласының жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 99-дан 102 теңгеге, АИ-80 84 теңгеге, дизель отыны 88 теңгеге артқан. Анықтай келгенде, бағаның бұлайша өзгеруі Мұнай және газ министрлігінің маусым айында жанар-жағармайдың шекті бағаларын 3-тен 7 пайызға дейінгі өсіммен белгілеуімен байланысты болып шықты. Бұл жайында газеттің жұма күнгі санындағы «Жанар-жағармай бағасының өсу себебі неде?» деген мақаладан біле аласыздар.

***

«Алғаш рет Лос-Анджелесте 11-26 маусым күндері қазақ киносының фестивалі өтеді», — делінген «Казахстанская правда» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Наши люди в Голливуде» деген мақалада. Басылымның жазуынша, американдықтарға паш ету үшін 10 көркемфильм таңдап алынған. Олардың қатарында Ақан Сатаевтың «Рекетир», Рүстем Әбдірашевтің «Сталинге сыйлық», Ермек Шынарбаевтың «Кек», Гүлшат Омарованың «Шиза», «Бақсы», Сергей Бодров, Иван Пассер, Талғат Теменовтердің бірлесіп түсірген «Көшпенділер» сынды фильмдер бар. Кинофорумды еліміздің АҚШ-тағы елшілігі ұйымдастырып отыр. Ал идея авторы — соңғы 7 жылда Голливудта жеміс еңбек етіп жүрген қазақ актрисасы және продюсер Гауһар Нұртас.

Соңғы жаңалықтар