Қырғыз елінде қазақтар азайып барады
![]() |
Қырғызстандағы қазақтар бұл елдегі аз ұлттардың қатарына жатады. 1999 жылғы санақ бойынша Қырғыз жеріндегі қазақтар жалпы халықтың 0,9 пайызын құрайды. |
Бұл - 43 мың адам, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көбіне қазақтар Қазақстанмен шекаралас аймақтарда, мәселен, Шу, Талас, Ыстықкөл сынды қала-ауылдарда және Бішкекте орналасқан.
Статистикалық деректерге көз салсақ, Қырғызстандағы қазақтардың саны жыл өткен сайын азайып келе жатқанын көреміз. 2009 жылғы санақ бойынша қазақтардың саны - 33,2 мың. 2011 жылы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 32,9-ды құраған. Қазақтардың азаюының басты факторы - олардың Қазақстанға қоныс аударуы. 2010 жылы елге көшкендердің саны 759 екен, бұл жалпы санның 2.3 пайызы. Қырғыстандағы қазақтардың Қазақстанға көшуі олардың тарихи отанына жетуді мақсат тұтуымен ғана емес, экономикалық себептерге де байланысты.
Осы елдегі қазақтар диаспорасының тарихына үңілетін болсақ, отандастардың қоғамдық қауымдастығы 1992 жылы шілдеде «Отан» деген атпен тіркелген екен. Қауымдастықтың негізін қалаған ақсақалдар, олардың көбі қазір Қазақстанға көшіп кеткен. 2003 жылы Қырғызстанда «Алаш» атты қазақ ұйымы құрылды.
Википедияның мәліметінше, қазақтардың ішінде 47 ғылым кандидаты, 8 ғылым докторы бар. Жалпы алғанда Қырғызстандағы біздің отандастарымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақтанарлықтай емес. Қазақтардың бір бөлігі аралас некеден туған, яғни жергілікті халыққа сіңіп кетуі әбден мүмкін. 1999 жылғы ұлттық халық санағы мәліметтеріне сәйкес 42 657 қазақтың 7546-сы ана тілін қырғыз тілі деп, 2449-ы орыс тілі, 95-і өзбек тілі деп көрсеткен. Мұның себептерінің бірі қазақ диаспорасы жинақы тұратын аудандарда қазақ орта мектептері мен балалар мекемелерінің жоқтығы деуге болады, ана тілінде теле және радио бағдарламалар таратылмайды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін