Министр ғимаратты басып алу оқиғасын «заңсыз, арандатушылық әрекет»деп бағалады. Құқық қорғау органдарына наразылық шарасына қатысушылардың жарылғыш қоспасы бар бөтелкелермен қаруланғаны туралы ақпарат жетті. «Егер бөтелкелер милиция қызметкерлеріне қарсы қолданылған жағдайда, соған лайықты жауап шара қолданылады»,- деді М.Суталинов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 17-маусымда Қырғызстан мемлекет басшысы лауазымынан үміткер Урматбек Барыктабасовтың жақтастары Бішкектегі үкімет үйіне тағы да шабуыл жасады. Бішкек уақыты бойынша 10 сағат шамасында үкімет үйінің жанында наразылық шарасы басталды. Митингіге қатысушы 200-дей адам Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясынан У.Барыктабасовты президенттіктен үміткер ретінде тіркеуді талап етті. Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясы Урматбек Барыктабасовты президенттіктен үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан болатын. Комиссияға оның Қазақстан азаматы екенін айғақтайтын дәлелдер келтірілді.
Тобырдың қысымына төтеп бере алмаған үкімет үйінің күзетшілері шегінуге мәжбүр болып, шараға қатысуышлар үкімет үйіне басып кірген.
Үкімет үйінің жанында милиция мен арнайы бөлімшенің жауынгерлері шоғырландырылды.
Милиция бөлімшелері ескерту мақсатымен бірнеше мәрте аспанға қаратып оқ атты. Үкімет үйіне басып кіргендер қоршауға алынды.