Баспасөз қызметінен хабарлауынша, президенттің міндетін атқарушының бұйрығымен арандатушы күштердің Бішкектегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерін дер кезінде әшкерелей алмағаны үшін Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Таштемір Айтбаев пен оның орынбасары Токтокучук Мамытовқа сөгіс жарияланды.
Қырғызстан Ұлттық гвардиясының қолбасшысы Абдыгул Чотбаевқа қызметіне толық сәйкеспейді деген ескерту берілді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 17-маусымда Қырғызстан астанасында президент лауазымынан үміткер ретінде тіркелмей қалған Урматбек Барыктабасовтың жақтастары рұқсат берілмеген митинг өткізіп, наразылық шарасына қатысушылар Үкімет үйіне басып кірді. Оларды құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғимараттан ығыстырып шығарды. 3 мыңдай адам көзден жас ағызатын газдың көмегімен алаңнан айдалып, 216 адам Бішкектің тергеу абақтысына қамалды.
Республика басшылығының пікірінше, қаладағы жаппай тәртіпсіздіктерді Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаевтың жақтастары ұйымдастырған. Ал А.Ақаевтың адвокаты Максим Максимович бұрынғы президент пен оның отбасы мүшелерінің 17-маусымдағы оқиғаға қатысы бар деген уәжді жоққа шығарды.