Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Конституциялық кеңес құрамына 114 адам енеді.
Парламенттің жанынан құрылған конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылыс, заңдылық, сот-құқықтық реформа және адам құқықтары жөніндегі комитет бастапқыда 100 адамның кандидатурасын, соның ішінде азаматтық қоғамнан 50, парламент депутаттарынан 30, атқарушы билік органдарынан 10, сот билігі тармағынан 10 адамның атын ұсынған. Алайда депутаттардың басым бөлігінің шешімі бойынша Конституциялық кеңестің құрамына тағы 14 адам, 7 депутат пен 7 қоғамдық ұйымдардың өкілдері енгізілді.
Республикада билік өзгергеннен кейін конституцияға өзгеріс енгізу туралы бастаманы Қырғызстан Республикасы Конституциялық сотының төрайымы Чолпон Баекова көтерген. Оны 20-сәуірде Бішкекте өткен жалпыұлттық азаматтық форумға қатысушылар қолдады. Форумға қатысушылар «авторитарлық жүйені демонтаждау және болашақта оның қайталануына қандай да мүмкіндіктер бермеу үшін» негізгі заңға тез арада өзгерістер мен толықтырулар енгізуге шақырды.
Соңғы Конституциял кеңес Қырғызстанда 2002-жылғы күзде шақырылған. Билік, оппозиция және азаматтық қоғам өкілдері сол кезде Конституцияға енгізілетін толықтыруларды бірнеше ай бойы талқылап жобалаған. Алайда Конституцияның жаңа мәтіндік нұсқасына әзірленген нұсқаулардың бір бөлігі ғана енгізілді. Сол кезде президент Асқар Ақаев мұндай жағдайды Конституциялық кеңестің шешімдері міндетті емес, нұсқаулық сипатта екенімен түсіндірген. Қырғызстан Конституциясына соңғы өзгерістер 2003-жылдың ақпан айында жалпыхалықтық референдум арқылы енгізілді.