Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2-шілде, жұмада Қырғызстан қауіпсіздік қызметі жоғары лауазымды 10 мемлекеттік қызметкердің жансыздық жөніндегі күдікпен қамауға алынғаны туралы ақпаратты растаған. Тұтқындар тізімінде сыртқы істер, ішкі істер және әділет министрлігінің қызметкерлері бар. Қырғызстан арнаулы қызметінің өкілдері бұл оқиғаға байланысты ешбір түсініктеме таратқан жоқ.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде атап көрсетілгеніндей, қазір мекеменің барлық қызметкерлері өз жұмыс орындарында лауазымдық міндеттерін атқаруда. Олардың ешқайсысы да тыңшылық жөніндегі немесе басқа да қандайбір қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталған жоқ.