Қырғызстан президенті әкімшілігінен хабарлағанындай, Оштағы бір қоғамдық ұйымның өкілі республиканың оңтүстік аймақтары тұрғындарының атынан президент Асқар Ақаевтың билікте болу мерзімін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы өтініші бар хатты мемлекеттік хатшы Осмонакун Ибраимовқа табыс етті. Қол жинаушы ұйым «Элим менен элим учун» деп аталады. А.Ақаевтың 2000-жылғы сайлау алдындағы науқаны осындай ұран астында өткен болатын.
Үкіметтік емес құрылымның жетекшісі Аманбай Сатыбаевтың айтуынша, қазіргі жағдаймен мемлекет басшысының өкілеттілік мерзімін ұзартуды қолдап 30 мыңдай дауыс жиналды. Осыншама қол 3 айға жетпейтін мерзімде жиналған. А.Сатыбаев бастаған ісін одан әрі жалғастырмақ ниетте. Қырғызстан заңнамасына сәйкес мәселені референдумға шығару үшін 300 мың қол жинау қажет.
Қырғызстанның қазіргі президенті Асқар Ақаев кезекті президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбайтыны туралы бұған дейін талай мәрте мәлімдеген. Алайда ол болашақ ізбасарының есімін әлі атамай отыр.
Қырғызстан конституциясына сәйкес президент бес жылға сайланады. Бір адам екі мерзім қатарынан президент бола алмайды. Қырғызстан Республикасының 35-тен жас емес және 65-ке дейінгі жастағы, мемлекеттік тілді меңгерген және президенттікке кандидатурасы ұсынылғанға дейін Қырғызстанда 15 жылдан кем емес тұрақты тұрған азамат мемлекет басшысы ретінде сайлана алады.
Қырғызстандағы кезекті президент сайлауы 2005-жылғы қазан айының соңғы жексембісінде өтуі тиіс.