Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, комиссия төрағасы болып Қырғызстан үкімет басшысының орынбасары міндетін атқарушы Данияр Үсенов тағайындалды. Комиссия құрамына құқық қорғау мекемелері, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ-тар мен жергілікті өзін-өзі басқару мекемелерінің өкілдері енді.
Жарлықта атап көрсетілгеніндей, мемлекеттік комиссия құру туралы шешім «Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаев, оның отбасы мүшелері мен туыс-туғандарына қарасты мүліктердің сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, ел тұрғындары тарапынан қойылып отырған сұрақтарды Қырғызстан заңнамасына сәйкес шешу» мақсатында қабылданды.
Жарлыққа сәйкес, Қырғызстан президенті мен оның жақын туыстарына тиесілі ме, жоқ па деген тұрғыда тексерілуі тиіс жылжымайтын және жылжымалы мүліктердің тізімі бекітілді. Жарлық бойынша мемлекеттік комиссияның жұмысы аяқталғанға дейін тізімде көрсетілген заңды тұлғаларды, сондай-ақ, олардың қатысуымен құрылған заңды тұлғаларды тіркеу және қайта тіркеуді тоқтата тұру қарастырылған.
Қырғызстан үкіметіне қылмыстық істерге қатысы бар мүліктерден басқа тізімде көрсетілген мүліктің қорғалуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Төтенше тапсырма берілмейінше тізімде көрсетілген субьектілердің құнды қағаздарын саудаға салу тоқтатылады.
Қырғызстан Ұлттық банкі мен коммерциялық банктерге Қырғызстан аумағынан тысқары ақша аударуға шектеу қою, тізімде көрсетілген барлық шаруашылық субъектілерінің, сондай-ақ, А.Ақаев пен оның отбасы мүшелерімен туыстық байланысы бар заңды тұлғалардың есепшоттары бойынша қаржылық операцияларды жүргізуге шектеу қою тапсырылды. Мемлекеттік комиссия тындырылған істер туралы бір айдың ішінде есеп беруі тиіс.
Республиканың түрлі саяси қайраткерлері А.Ақаевтың отбасына тиесілі мүлікпен не істеу керектігі туралы өз ұсыныстарымен бөліскен. Мәселен, Қырғызстан омбудсмені Тұрсынбай Бакир уулу Қырғызстан президенті мен оның отбасына қарасты, заңсыз жолмен иемденіп алған мүлікті кедейлерге таратып беру керек деп топшылайды.
Ал Қырғызстан БАҚ-тарында А.Ақаевтың күйеу баласы, Қазақстан азаматы Әділ Тойғанбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат жарияланды. Оған Қырғызстандағы кәсіпкерлік іс-қызметі барысында түрлі заң бұзушылықтарға жол берген деген айып тағылып отыр. Республиканың құқық қорғау мекемелері әзірге бұл хабарлама туралы түсініктеме беруден бас тартуда.