Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, «Қырғызстан Республикасы президентінің сайлауын өткізу және дайындық жұмыстарына арналған шығындар сметасы туралы» қаулы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында бекітілді.
Сметаға 2200 учаскелік сайлау комиссиялары, 56 аудандық (қалалық), облыстық, Бішкек және Ош қалалық сайлау комиссияларының жұмысын қамтамасыз етуге арналған шығындар енгізілген.
Үміткерлерге телеэфирден уақыт бөлуге және баспа беттерінен орын алуға, шетелдерде дауыс беру шарасын ұйымдастыруға, баспахана шығындарының орнын толтыруға, шетелдік бақылаушыларды аккредитациялауға, оқыту мақсатындағы семинарлар өткізу тәрізді сайлау алдындағы шараларға қаржы қарастырылған.
Қаржының жартысынан астамы немесе 40 млн. сом сайлаудың бірінші сатысын өткізуге жұмсалады. Сайлау комиссияларының бөлінген қаржыны жұмсау жағдайын Қырғызстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бақылау-ревизиялық тобы қадағалайды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қырғызстан президентінің сайлауы 2005-жылдың 10-шілдесіне белгіленді. Мемлекет басшысы болудан үміткерлерді тіркеу 13-маусымда аяқталады.
Алдағы сайлауға үміткер ретінде қатысуға республикадағы 12 саяси қайраткер ниет білдірді. Олардың басым бөлігі парламенттің бұрынғы депутаттары.
Жергілікті саясаттанушылардың бағалауынша, президенттіктен үміткерлердің саны 30-дан асуы мүмкін.