«30 қазан күні Қазақстан аумағында шамамен таңғы 04:00-де Қырғызстанның 20 азаматы отырған автобус аударылды. Барлық жолаушы елеулі жарақат алды. Бес адам ауыр жараланып, ауруханаға түсті», — деп жазды автобус жолаушысы Нуркыз Назаркулова өзінің Facebook парақшасында.
Қазақстандағы Қырғызстан елшілігі ақпарат алу мақсатында ҚР СІМ Консулдық қызметімен, ҚР ІІМ кезекші бөлімімен, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар және Жол полициясы комитеттерімен және Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облысындағы ІІД кезекші бөлімдерімен консультациялар жүргізгенін хабарлады.
«Жоғарыда аталған құзіретті органдардың мәліметтеріне сүйенсек, бұл жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Сонымен бірге, елшілік телефон арқылы Н.Назаркуловамен тілдесті. Оның айтуынша, 2016 жылы 29-нан 30-қазанға қараған түні таңғы 05:30-да ҚР Ақтөбе облысында Мерседес-Спринтер жүргізушісі көлікті басқара алмай, жыраға түсіп кеткен», — деп хабарлайды елшілік.
Елшіліктің хабарлауынша, салонда 18 жолаушы және 2 жүргізуші болған. Жол-көлік апатынан жүргізушілер мен жолаушылар түрлі жарақат алған. Ақтөбе облысы Хромтау ауданының дәрігерлері қажетті көмек көрсеткен соң, 13 жолаушы өзге автокөлікпен Ресей Федерациясына жүріп кетті. 5 зардап шегуші Қырғызстанға қайту туралы шешім қабылдады.
«Н.Назаркулованың айтуынша, жүргізуші-тасымалдаушыларға еш шағым болмағандықтан, ҚР құзырлы органдарына ресми хабар берілмеген. Мерседес-Спринтер Бішкек қаласынан Мәскеуге бағыт алған, ондағы жолаушылар мен жүргізушілер Қырғызстан азаматтары», — деп хабарлайды елшілік.