Ф.Куловтың мәлімдеуінше, Б.Эркинбаев оған өзінің қауіпсіздігіне қатысты күдігін айтқан. «Ол егер алда-жалда мені біреу өлтірсе, атын біле жүр және оны оқиғадан кейін жария ет деп айтқан еді»,- деді үкімет басшысы. Ф.Кулов депутатты өлтірген адамның аты-жөнін тергеу кезінде жария етемін деп атап көрсетті.
Қырғызстан парламентінің бүгінгі отырысы депутат Б.Эркинбаевтың өліміне қатысты болды. Осыған байланысты парламентке республика үкімет басшысы мен күш құрылымдарының жетекшілері шақырылды.
Қырғызстан ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Мұрат Суталинов құқық қорғау мекемелерінің қолында кісі өлтіргіштің бет-бейнесі туралы ақпарат бар екенін жеткізді. Депутатты үйінің жанында 22 сағат 05 минутта өлтіріп кеткен. Құрбандығына қаратып бірнеше оқ атқан киллер оқиға орнынан жаяу із жасырған. Қылмыс орнынан Макаров тапаншасының оғы мен үш гильза табылды.
Қырғызстан парламентінің депутаттарының пікірінше, қылмыс меншік таласына байланысты және нағыз кісі өлтіргіш ешқашан табылмайды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Б.Эркинбаевқа биылғы көктемде де қастандық жасалған. Жалпы бұл республикада депутатты өлтіруге қатысты екінші оқиға. Биылғы жылдың маусым айында депутат Жырғалбек Сұрабалдиев кісі қолынан қаза тапқан болатын.