Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Туризм және спорт министрлігінің кеңесшісі, 7-ші қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы» АҚ-ның вице-президенті Евгений Никитинский айтты.
Е. Никитинскийдің пайымдауынша, әрбір турист Қазақстанға шамамен 2 мың АҚШ долларын тастап кетеді. «Қазіргі уақытта келетін пайда туралы әлі айту қиын. Ол туристердің санына байланысты. Дегенмен Қазақстанда бір шетелдік туристтің стандартты қаржылық шығындары есептелген. Оның көлемі — 2 мың доллар. Әрбір турист өзінің саяхаттап жатқан елінде орта есеппен 2 мың доллар ақша қалдыратыны анықталды. Міне, осыдан-ақ елімізге Азиада — 2011 шарасынан келетін экономикалық оң әсерді бағамдай беріңіздер», дейді ол.
Ұйымдастыру комитеті Ақ Азиадаға келетін туристердің саны кемінде 10 мың шамасында болады деп болжауда. Бұдан бөлек, Астана және Алматы қаласында өткелі отырған шараға спортшылар, ресми қонақтар, жаттықтырушылар, шетелдік БАҚ өкілдері, төрешілер корпусы бар, барлығы 4,5 мың адам болады. ТМД елдерінің ұлтық олимпиадалық комитет басшыларын, сонымен қатар 45 мемлекеттен олимпиадалық комитет өкілдері шақырылған.
2011 жылғы қаңтардың 30-ы мен ақпанның 6-сы арасында өтетін қысқы Азия жарыстары ішінде шайбалы хоккей ойыны «Қазақстан» спорт кешенінде, тау шаңғысы жарыстары «Шымбұлақ» базасында, допты хоккей «Медеу» мұз айдынында, фристайл бәсекелері «Табаған» спорттық-сауықтыру кешенінде, әйелдер арасында өтетін хоккей ойындары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында, тұғырдан секірушілер әлемдегі үшінші халықаралық шаңғы трамплиндерінің бірегей спорт нысанында өтетін болады.
Айта кетейік, осыған дейін қысқы Азия ойындары Жапония, Қытай және Оңтүстік Кореяда өткізілді. Алғаш рет ол 1986 жылы Күншығыс елінің Саппоро қаласында жалауын көтерді.