Бұл жайында бүгін 7-ші қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбек осы шараға дайындық барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, алаудың салтанатты түрде тұтануы 11 қаңтар күні Кувейт қаласында басталып, 12-де Алматыға жеткізілмек. «Бұл іс-шараға Азия олимпиадалық кеңесінің президенті Әл-Сабақ мырза және Қазақстан тарапынан ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамедов қатысады деп күтілуде», -дейді ол.
Сонымен қатар ол 2011 жылы еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толатындығын және осы мерейтойдың шымылдығын алау эстафетасы ашатындығын айтып өтті. «Осыған сәйкес біз Қазақстанның дамып, өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарымызды алаугер ретінде іріктеп алдық», -дейді С. Құранбек. Оның айтуынша, республикалық комиссия құрылып, оның құрамына «Нұр Отан» ХДП-ның басшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, атақты спортшыларымыз және спорт журналистері, сонымен қатар Туризм және спорт министрлігінің өкілдері кірген. Осы комиссияда алау эстафетасының алаугерлер құрамын жасақтау туралы ереже бекітілген. Нәтижесінде барлық өңірлерде облыс әкімі немесе оның орынбасарлары басқаратын аймақтық комиссия құрылып, сапалы іріктеу жүргізілген.
С. Құранбек 2008 жылы Бейжің-2008 олимпиадасының алау эстафетасы Алматыда өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айта келе, қысқы Азия ойындарында алау эстафетасын өткізуді еліміз алғашқы болып ұсыныс жасағандығын айтады. «Қысқы Азия ойындарында бұрын-соңды алау эстафетасы өткізілмегенін ескеріп, Азия олимпиадалық кеңесіне осы эстафетаны өткізу туралы ұсыныс жасаған едік, олар толықтай мақұлдап, бекітті», -дейді С. Құранбек .
Алау эстафетасында Әбжан Жармұхамедов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Илья Илин, Бахыт Сәрсекбаев, Бахтияр Артаев сынды еліміздің атақты спортшылары алаугер болмақ.