Осы шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚХР Мәдениет вице-министрі Сянь Чжаолунь қатысты.
«Бүгін біз Қытайдың фарфор өнері көрмесінің салтанатты ашылуы рәсіміне жиналып отырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан мен ҚХР арасында мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық қатынастар қарқынды дамып келеді. Жыл сайын екі ел арасында әрқилы тақырыптағы көрмелер, семинарлар, концерттік бағдарламалар жоғары деңгейде өткізілуде. Бүгінгі өткізіліп жатқан шараны да екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың тағы бір айғағы деп айтуға болады», — деді министрі А.Мұхамедиұлы.
Көрмелерде Қытайдың эксклюзивті, заманауи, қолдан жасалған фарфор бұйымдары, керамика қолөнері мен экомәдениетінің суреттері көпшілік назарына ұсынылды.
«Көрмеге 80-нен астам керемет үлгідегі фарфорлар мен қызыл саздан жасалған бұйымдар ұсынылып отыр. Бұл мәдени шара 14 қазанға дейін жалғасады», — деді қытайлық делегацияның өкілі.
Айта кетейік, мәдениет күндері аясында «Астана Опера» театрының сахнасында, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ҚХР өнер шеберлерінің гала-концерттері өтеді.