Қытайдан тауарын кіргізе алмаған саудагерлер «Қорғас» бекетін талқандай жаздады - kaz.caravan.kz
  • $ 512.32
  • 582.92
+19 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қытайдан тауарын кіргізе алмаған саудагерлер «Қорғас» бекетін талқандай жаздады

Қытайдан тауарын кіргізе алмаған саудагерлер «Қорғас» бекетін талқандай жаздады

Қорғастағы қарсылық акциясы! Қытайға арзан тауарға барып, шекарада тентіреген саудагерлер мен туристер наразылық білдіруде. Алған заттары бекетте бөгеліп қалған олар тіпті, кеденде түнеуге мәжбүр. Сөйтсе, еркін экономикалық аймақ ережесі бойынша қандастарымыз жаппай кәсіпкер деп танылып, бас-басына баж салығы салыныпты. Яғни алған затыңыздың ішінде, тіпті шұлық болса да екі данадан асса – сіз саудагерсіз. Соңғы тиынына дейін тауар алып қойған жұрт енді не сатып алған затына қолы жете алмай, не елге өте алмай, айдалада қалған.

  • 23 Маусым 2015
  • 913
Фото - Caravan.kz

Қытайға қыдырып шыққан туристер екі аптадан бері шекарада шұбырып жүр. Бірі тауарын тізерлеп отырып өтінсе, енді бірінің жұлысамын деп көзі көгерген.

Гүлбағиза Тұрсын:

-Басымыздан ұрып, міне, теуіп, итеріп жатыр. Кеденшілер  ұрды, шық деп, темірді жауып, теуіп аяқтарымен! Бермейді сөмкемізді. Білмейміз ақша алады ма,білмейміз?

Ашуға булыққан жұрт тауары жатқан қойманы талқандауға шақ жүр. Ал іштен «тоқтат» деген бір тірі жан табылмады. Қайта көзінше жүктерімен ойнап, онсыз да ашулы топты ызаландыра түсті.

Дәрия Машанова:

-Бастықтар келді. Бәрі қалталарына қолын салып алады да кетеді. Бізді адам қатарына санамайды! Мына жерде 4 күн қонып жатқандар бар, 5 күн  қонып жатқандар бар. Онда неге ашады? Жауып тастасын!

Қорғастағы қазақ-қытай базары о баста еркін экономикалық аймақ ретінде ашылған. Ешбір визаны қажет етпейтін екі ортаға туристер тіпті сонау Тараздан автобус жалдап келген. Енді тауарын алып өте алмай, төрт күннен бері көліктің ішінде түнеп жүр.

Артымызда- Қытай, ал алда болса, Қазақстан. Екі ел арасындағы тауар алмасу тәртібін дәл қазір кеденшілер, тіпті шекарашылар да емес, мінекей мына төрт бұрышты темір шешіп отыр. Тауары сыйғаны өтеді, ал сыймаған қандастарымыз затын құшақтап 7 шақырым жаяу жүруге мәжбүр.

Бөкен Әбдіш:

-Мынау жайма, ешқандай тауар емес! Көріңіздер! Ашып көрсін! Мынау енді үйіне алған балаларға алған нәрсе ғой! Мынаны да ұстап алған деген не деген сұмдық бұл! Анаған салыңдар деп отыр. Оған қалай салады? Мынау салынбайды ғой, өзіңіз көріңізші! Қалай салуға болады????

Туристерді жылатқан бұл тәртіпті мұндағылар жақында енгізіпті. Темірге сыймаған тауарды пошта арқылы шекарадан өткізуге мүмкіндік берілген екен. Онда да үйіңізге емес, шекараның келесі бетіне дейін ғана. Әрі тасымалына бір және әрбір келісі үшін тағы ақысы төленуі тиіс.             

Мәди Базаров, «Алтынкөл» кеден бекетінің бастығы:

— Мен сізге айтып отырмын ғой. Бұлар декларациясын тапсырып, салығын төлесе, ешқандай кедергі жоқ. Барлықтарына айтып отырғанымыз да сол.

Тек тауардың өзіндік құнынан бірнеше есе асып түсетін төлемақы туралы туристердің көбі шекараға келгенде бір-ақ естіген. Енді кеден бекетінде тентіреп, Қытайдан елге қайта алмай жүр.