Спортшыларымыз алғашқы жекпе-жектерін өткізді. 16 қараша күні жеңіл салмақтағы Қазақстан чемпионы Мирас Жақыпов оңтүстіккореялық спортшы Ким Жусонгудан (Kim Juseong) жеңіліп, сайыстан шығып қалды.
Екінші күні Катар спортшысы Хзам Набахпен бәсекеде Серік Сәпиев 7:1 есебімен жеңіске жетті. Енді біздің құраманың капитаны С. Сәпиев непалдық Бахадур Таманг Ратханы жеңген малайзиялық спортшы Харон Мохдпен ширек финалған берілетін жолдама үшін таласады.
75 келіге дейінгі салмақта өткен жарыста еліміздің тағы бір былғары қолғап шебері Данабек Сужанов палестиналық спортшы Собхи Суккариді жеңді. Төрешілер Сужановтың басым түскендігін айтып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты. Енді ол жартылай финалға жолдама үшін қырғыз боксшысы Асадулло Баймұратовпен алаңға шығады.
Бокс турнирінің екінші күнгі бәсекесінде республикамыздың 2010 жылғы чемпионы Алмат Серімов өзбек спортшысы , Миланда өткен соңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2007 жылғы әлем чемпионы Елшад Расуловтан 2:5 есебімен жеңіліп қалды.
18 қараша күні:
60 келі салмақта — Самат Башенов (Қостанай) Иордания спортшысымен
64 келі салмақта — Данияр Елеусінов (Астана)- Ауғанстан спортшысымен
91 келі салмақта — Василий Левит (Астана) — Сиря спортшысымен
91 келіден жоғарғы салмақта — Иван Дычко (Қостанай) — Өзбекстан спортшысымен кездеседі.
20 қараша күні 49 келі салмақта Біржан Жақыпов (ОҚО) Моңғолия боксшысымен кездеседі.
Жазғы Азия ойындарына қатысып жатқан бокстан Қазақстан ұлттық әйелдер құрамасының жұптық тізімі мынадай:
21 қараша күні:
51 келі салмақта — 2010 жылғы Азия чемпионы Жайна Шекербекова Филиппин спортшысымен,
60 келі салмақта — 2010 жылғы Азия чемпионы Саида Хасенова Тәжікстан спортшысымен кездеседі.
22 қараша күні 75 келі салмақта Барбадосседе өткен 2010 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Марина Вольнова Үндістан боксшысымен кездеседі.