Министрліктен хабарлағанындай, металл қалдықтардың беткі қабатындағы гамма сәулесінің дозасы сағатына 217 микрозивертке тең. Бұл металл сынықтары үшін белгіленген нормативтен 700 есе артық. Сынықтардың арасынан техногенді кобальт-57 радионуклиді табылды.
ҚР қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің мәліметі бойынша, жүкті жіберуші — Семейдегі «Metal Trade Company»ЖШС, ал жүкті қабылдап алушы — Қытайдың Шыңжан Ұйғыр автономиялық аймағының «Хэли» ЖШС болып табылады.
Қазір радиоактивті жүк тиелген вагон «Достық» бекетіндегі тұйық жолда тұр. Вагонды қоршай радиоактивті қауіп белгілері қойылды. Қалыптасқан ахуалды бағалау және толыққанды зерттеулер жүргізу үшін мемлекеттік комиссия құрылады.