«Мұның барлығы шетелдегі қазақ баласының атамекеніне алғаш рет аяқ басып, алыстап бара жатқан ұлттық діліне оралуына, туған еліне деген бала махаббаттарының қалыптасуына бастайтын жол. Еліміздің болашағы, мемлекетіміздің иесі болған елдегі және шетелдегі түрлі идеология мен менталитетінің ықпалында өсіп келе жатқан қазақ баласының түрлі идеология мен менталитеттің ықпалында өсіп келе жатқан қазақ баласының бір-бірімен жақындасып, араласып, түсінісіп, бауырмалдық сезімін арттырып, өзін және бір-бірін тануына түрткі болары анық», — деп жазды Тұрдыбек Құрметхан өзінің мақаласында.
Әрі қарай ол мұндай жобалардың қолға алынуы туралы ойлар мен ұсыныстар бұған дейін де айтылып жүргенін бөлісті. Осы орайда, өткен жылы Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық балалар лагеріне қандастарымыздың балалары өткен жылдары қатысқанын еске салды. Мұндай жобалардың өзін ерекше қуантатынын жасырмады.
«Соңғы уақытта шетелдегі қазақтардың ассимиляцияға ұшырауы қарқын ала бастады. Әсіресе, жастар мен жасөспірімдердің ана тілі мен ұлттық болмысынан алыстап бара жатқаны жасырын емес. Еуропа мен Ресейдегі қазақтардың басындағы бұл жағдай қазақтар ең көп орналасқан елдің бірі Қытайда да орын алып отыр. Бұл күнде Қытай мемлекетінің Шынжаңдағы қазақтарға жасаған қысымы көп айтылады.
Қазақ мемлекетінің араласуымен қазақтарға жасалған ашық қысым тоқтағанымен, Қытайдың ондағы аз ұлттарға қаратқан саясаты өзгермесі анық. Ол елдің қазіргі мемлекеттік тіліне басымдылық берген саясаты қандастардың өздіген ассимиляцияға ұшырауын үдете бермек. Өйткені ондағы қазақтілді мектептер жабылғаны былай тұрсын, ауыл-қыстақтардың өзінде 2 жастан бастап бүлдіршіндерді балабақшаға беруге міндеттеген.
Бұл тегін әрі міндетті балабақшада бала тек қытай тілінде ғана тәлім-тәрбие алады. Онысызда қазір қалада өскен балалар ана тілін білмейді деуге болады. Ана тілінде тәлім алып, 12 жыл қазақ мектебінде оқыған біздің замандастарымыздың өзі де әлеуметтік желі мен қоғамдық ортада тек қытай тілін қолданатын болып барады. Осыған қарап, 2 жастан бастап қытай тілінде тәлім-тәрбие алатын баланың келешегін болжай беріңіз», — деп күйінді журналист.
Тұрдыбек Құрметханның айтуынша, дәл қазір Қытайда қазақ тілі ауылдық жерде ғана тұрмыстық және отбасылық тіл ретін сақталып тұр. Осы орайда ендігі ұрпақтың балабақшадан үйреніп шыққан тілі қазақ тілінің ол орнын да алатын уақыты алыс емес екенін ескертті.
«Осы себептен Қытайдағы осы саясатты түсінген қандастарымыз өздері көшіп келуге шарты толмайтындары балаларын елге әкеліп оқытып жатыр. Ал одан басқалары жаздық демалыстарында осы жердегі туыстарына қыдырып қайтқанды жөн көреді», — деп жазды журналист.