Желі қолданушылары «аймақта Қытай азаматтары көбейіп кетті, жерімізге зауыт салып жатыр» деген мағынадағы пікірлер жазып, whatsapp арқылы түрлі аудиожазбалар таратып жатыр. Әлеуметтік желі арқылы дүрлігіп жатқан халықтың наразылығына орай облыс әкімдігі түсініктеме беріп, Қытай азаматтарының зауытқа қандай қатысы бар екенін түсіндірді.
Бұл туралы 31 арна хабарлайды
Бұл әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаның бірі. Халықтың наразалығын тудырып жатқан жағдай дәл осы зауыт төңірегінде болып тұр. Себебі «Сарыөзек-Көктал» тас жолының бойында құрылысы жүріп жатқан нысанда жүзден аса Қытай азаматтарының жұмыс істеп жүргені рас.
– Тек қана зауыттың құрылысын басынан аяғына дейін жүргізеді. Күрделі қондырғыларды орнатады. Сол құрылғылармен жұмыс істеудің тәртібін жергілікті халыққа үйретеді, содан кейін еңбек шартына сәйкес олар жұмыстан босатылып, елдеріне қайтарылады. Сонымен қатар Кербұлақ ауданында 600 гектар жер берілді дегнен ақпарат таралып жатыр, ол ешқандай шындыққа жанаспайды. Себебі зауыттың аумағы бар-жоғы 40 гектар,- дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Демек, цемент шығаратын зауытты Қазақстан мен Сингапур кәсіпкерлері бірігіп салып жатыр. Бірлескен серіктестіктің 60 пайызы қазақстандық кәсіпкерге тиесілі болса, қалған 40 проценті сингапурлық инвесторлардың еншісінде екен. Әлеуметтік желі арқылы жарияланған наразылыққа орай жергілікті билік ауыл ақсақалдары мен құзырлы орган өкілдерін жинап кездесу өткізіп, салынып жатқан зауыттың басына да барды.
– Біз өніп жатырмыз, өсіп жатырмыз, толып, құдайымызға тәубә дейміз,- дейді Кербұлақ ауданының тұрғыны Төленді Сарыбаев.
– Жұмысым жақсы, зарплатам да жақсы, уақытында төлейді. Пенсионный бәрін төлеп жатыр. Ренжісіміз жоқ. Жақсы бәрі де,-дейді жұмысшы Қанапия Құралбай.
Әкімдік өкілдері шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Жалпы 50 миллиард теңге инвестиция тартылып, жылына 1 миллион екі жүз мың тонна цемент шығаруды жоспарлаған зауыт келер жылы іске қосылады. Жаңа нысан жұмысын бастағанда 400 – ден аса жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.