«Қыз алып қашамын» Атыраулық «қарт бала» Нұржан Өркешбаев жуырда екінші мәрте үйленбекші - kaz.caravan.kz
  • $ 448.81
  • 476.82
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
16 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қыз алып қашамын» Атыраулық «қарт бала» Нұржан Өркешбаев жуырда екінші мәрте үйленбекші

«Қыз алып қашамын» Атыраулық «қарт бала» Нұржан Өркешбаев жуырда екінші мәрте үйленбекші

Ерте қартаю дертіне шалдыққан атыраулық Нұржан Өркешбаев сүйінші жаңалығымен бөлісті.

  • 29 Тамыз 2018
  • 1312
Фото - Caravan.kz

Ол өзінің биылдан қалмай үйленетінін Caravan.kz медиа-порталының тілшісімен бөлісті. Дегенмен қуанышты жаңалықтың шет жағасын ғана жеткізді. Бір белгілісі Нұржан қызды алып қашпақшы.

— Ерекше жаңалығым бар дедің, ол қандай жаңалық?

— Иә, айтайын дегенім, Құдай қаласа осы қыс мезгілінде жақсы жаңалық болады. Қазақ елінен сүйінші сұрайтын жаңалық болады. Қолыма құс қондырам. Әзірге оның барлығын айтуға болмайды. Себебі, бұл жайлы оның ата-анасы білмейді. Қыздың аты-жөні де құпия болсын деп отырмын. Әлі ешкімге айтқан жоқпын.

— Құттықтаймыз! Ал өз ата-анаңыз біле ме, жалпы тойға дайындық қалай?

— Рахмет, өз ата-анама айтқанмын. Олар дайын отыр десе де болады.

— Қазақы салт-дәстүрмен құда түсіп аласыз ба?

— Жоқ, алып қашуды жоспарлап жүрміз.Сөйлесіп жүрген қызыммен солай келісіп отырмыз. Барлығы жылдың соңына қарай белгілі болады.

— Ал болашақ қалыңдығыңызбен қалай таныстыңыздар, ол кім, немен айналысады?

— Тойда таныстық. Өнерге қатысы жоқ. Жұмыс істейді. Қарапайым қазақтың қызы. Жасы өзімнен кіші.

— Қыздың ата-анасы қарсы болады деп ойламайсыз ба?

— Жоқ, келіседі ғой. Ол кісілер мені біледі.

Өз ауылымнан болмаса да сол жаққа жақын жерде тұратын кісілер.

— Орайы келіп тұр, алдыңғы жұбайыңызбен не үшін ажырастыңыздар?

— Енді келіспеушіліктер болды ғой. Ондай жағдай өмірде әр отбасында болады ғой. Оны бүге-шігесіне дейін айтып, тәппіштемей-ақ қояйын. Есіме де түсіргім келмейді.

— Қайтадан қалпына келтіруге тырыспадың ба?

-Тырыстым, бірнеше мәрте сөйлестім. Бірақ, көнбейтін адам көнбеген соң не істеймін.

— Оның қазір не істеп жүргенінен хабарыңыз бар ма, екінші мәрте тұрмысқа шықты ма?

— Жоқ, хабарласпайымын да, хабарым да жоқ

— Асаба болып жүргеніңді білеміз, өзіңе сұраныс көп пе?

— Иә, болады. Дегенмен бұрын 2014-2015 жылдары сұраныс өте көп болды. Өзімнің дәуренім болды. Қазір енді меннен артық асабалар көп қой. Күн сайын көбейіп жатыр.Қазір кім жаңалық ашады, соған сұраныс көп болып кеткен заман болды ғой. Қазір тойдың да мәнісі кетіп барады. Біреу барады да шешіндіреді, біреу ерсі ойындар ойнатқызады. Жастар кімді қаласа әке-шешесі сол асабаны жалдайды. Құдайға шүкір, әйтеуір өз нәпақамды тауып жүрмін.

— Асаба ретінде той жүргізген бағаң қанша?

— Енді мен халықтың жағдайына қараймын. Өйткені біреудің жағдайы бар, біреудің күйі келмейді. Алдымен кездесіп сөйлесем, жағдайын байқаймын. Тек содан кейін барып бағасын айтамын. Бірден бағам мынандай деп ешқашан белгілеген емеспін.

— Өміріңде ең қымбат бағаға жүргізген тойың қандай еді?

— Ең қымбат жүргізген тойым ол 200-250 мыңға (теңге- ред) жүргізген тойларым болған.

— Асабалықтан басқа табыс көзің бар ма?

Жоқ, менің негізгі күн көрісім, табыс көзім осы асабалық, мен де басқа жұмыс жоқ.


— Ұмытпасам пластикалық отаны 2012 жылы жасады. Дәрігерлер одан кейін тағы да жасаймыз деп па еді?

— 2012 жасады. Жалпы үш кезең бойынша бәленбай операция жасады ғой. Бірақ соңғы этапта 2013 жылы күзде лазермен ота жасау қажет болған. Бірақ мен оған бармай қалдым. Анам жарайды осымен болды деді. Содан бармадым.

— Неліктен қарсы болды?

— Өйткені сан мәрте операция жасаттым. Қаншама наркоз алдың, денсаулығыңа зиян болады деп анам қарсы болды. Сол себепті бармадым.

— Көшеде жүргенде халық әлі де танып жата ма?

— Таниды, танып жатады.Көшеде көрсе кейбір адамдар амандасып, суретке түсейікші деп жатады. Неше түрлі жағдайлар болып жатады көшеде жүргенде.

— Елдің назары өзің жиі ауады, ондай кезде ыңғайсызданбайсыз ба?

— Жоқ, қазір ыңғайсызданбаймын. Оған үйрендім. Бұрын ойлайтын едім, осы халық маған неге қарайды, менен басқа адам жоқ па қарайтын деп ұялып, үйден шықпайтын едім. Қазір халықтың ортасында жүрмін. Өнерімді көрсетіп жүрмін.

— Жалпы өзіңді атақты, танымал адаммын деп санайсың ба

— Жоқ, өзімді атақты деп санамаймын. Кейбіреулер айтып жатады «Ойбай, мынау Нұржан ғой», «Сен атақтысың ғой» деп. Мен оларға «ой, аға, мен қарапайым ауылда, топырақта ойнап өскен қара баламын» деп айтып жатамын. Сондықтан ешқашан өзімді танымалмын, жұлдызбын деп санаған емеспін. Егер мен жұлыз болсам неге Алматыда, Астанада жүрмеймін. Әрине, ол жақтарға да шақырған. Бірақ маған өзімнің туған жерім ыстық, өзіме жақын. Басқа ешқайда кете алмаймын. Басқа жерде он күн жүрсем ауылға кеткім келіп тұрады.

— Ресейлік «Пусть говорят» телешоуына қатысқаныңды ел біледі. Содан кейін өмірің өзгерді ме?

— Иә, өзгерді ғой. Үй алдым, қазір қалада үйім бар. Аллаға шүкір.Өнер жолына шықтым. Қазір той-томалақтамын.

Бір кездері тележүргізуші Малахов тойға келем деген еді. Келмей кеткеніне өкпе-реніш болды ма?

— Жоқ. Ешқандай өкпем жоқ. Оның продюсерлері, ұйымдастырушылары телефон арқылы ол кісінің еңбек демалысына кетіп қалғанын айтты. Оның жеке құттықтауларын жеткізді. Артынан Малахов өзі сәлемдемесін беріп жіберді. Сондықтан ешқандай ренішім жоқ.

— Негізінен кімдердің әнін орындап жүрсің?

— Шәмшінің әндері, халық әндерін, Нәби Аймұратовтың өлеңін айтып жүрмін.

— Бұрындары Инстаграммдағы парақшаңды белсенді жүргізетін едің, қазір тоқтап тұр. Неліктен?

— Бұрын алғашқы кезде инстаграммда миллионнан аса адам болды. Қазір әлеуметтік желіге деген қызығушылық қалмады. Қазір тойға барам болды. Бұрын сурет салып, видео салып құмартып тұратынмын. Қазір олай емес.

ЕСКЕРТУ! МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА ЖӘНЕ АУДАРУҒА БОЛМАЙДЫ 

Соңғы жаңалықтар