"Қызыл" және "сары" статусты біле тұра қыдырғандар жауапқа тартылу мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 510.84
  • 579.7
+21 °C
Алматы
2025 Жыл
24 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қызыл" және "сары" статусты біле тұра қыдырғандар жауапқа тартылу мүмкін

"Қызыл" және "сары" статусты біле тұра қыдырғандар жауапқа тартылу мүмкін

Қазақстандықтар қанша күннен кейін вакцинаның екінші дозасын алу керектігін нақтылау керек.

  • 19 Мамыр 2021
  • 36
Фото - Caravan.kz

Премьер-министр Асқар Мамин Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға осындай тапсырма берді. Үкімет отырысында ол сондай-ақ елдегі эпидахуалды сөз етіп, әкімдерге де жұмыс жүктеді. Айтпақшы, жиында "Ashyq" қосымшасы да сөз болды. Енді "қызыл", не "сары" статусы біле тұра, емін-еркін қыдырғандар жауапқа тартылуы мүмкін.

Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Әр сейсенбіде өтетін жиын осы жолы елдегі коронавируске қарсы күрестен басталды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой инфекцияның таралу көрсеткіші соңғы екі аптада 20 пайызға төмендегенін айтты. Бірақ, бұл арқаны кеңге салатын кез емес. Өйткені, әлі "қызыл аймақта" екі ірі қала мен төрт облыс бар екен. Оның үстіне, өзге түгіл өзінің денсаулығына салғырт қарайтын жерлестеріміз де әлі жетіп артылатын көрінеді. Министрдің айтуынша, эпидахуал күрделі болып тұрған шақта мұндай жандардан қоғамға қауіп бар.

АЛЕКСЕЙ ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: « «Ashyq» қосымшасы енгізілген сәттен бастап 3 256 адамнан "қызыл" және "сары" статус шықты. Өкінішке қарай, бұл статистика кейбір жауапсыз азаматтардың үйде оқшаулану режимін сақтамайтынын көрсетеді. Олар халық көп жиналатын орындарға барып, ел ішінде емін-еркін жүреді. Осылайша, басқа адамдар мен ұшақтағы жолаушыларға вирус жұқтыру қаупін төндіреді".

Үкіметтегілер «Ashyq» адамның өзгелерге қауіпті екенін ашық көрсетсе де, еш жауапкершілікті сезінбейтіндерді жазалау керек деп санайды. Сондықтан "қызыл" және "сары" статусты бола тұра, қыдырғандарды жауапқа тарту мәселесін мемлекеттік мекемелер пысықтап жатыр екен.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: ««Ashyq» бағдарламасы азаматтар арасында шектеу шараларын өрескел бұзатындар саны артып отырғанын көрсетті. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі Әділет министрлігімен және Бас прокуратурамен бірге санитарлық режимді бұзатындарға қатысты тиісті әкімшілік шараларды қолдану механизмдерін пысықтауы қажет. Қазір осындай шараларды қолға алсақ деген ниет бар».

Індет жайы талқыланған соң, әрине, вакцина мәселесі де қалыс қалмады. Бүгінге дейін қазақстанықтарға 2,6 миллион доза егіліпті. Оның 1,9 миллионы бірінші компонент болса, қалған 800 мыңға жуығы екінші рет алғандар. Бұған дейін екі компонентті алу аралығы алдымен 21 күн, кейін 45, соңында 90 күнге шегерілген еді. Сөйтіп, жұртты біраз шатастырғаны бар. Мұны Үкімет басшысы сынап, вакцинаның екінші дозасын алу мерзімін нақтылауды тапсырған еді. Бүгін де осы ойын қайталады.

АСҚАР МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Адамдарға вакцинаны таңдау құқығы және тиісті ақпарат берілуі тиіс. Әсіресе, Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау арасындағы интервалды нақты анықтап, халықтың қалауына назар аудару керек».

Алексей Цой бұған "Спутник V"-ді салдырғандар енді 21, не 90 күннен кейін де екінші компонентті ала алады деді. Мұны елдің бас санитарлық дәрігері өз қаулысында міндеттепті. Ал, жалпы сұйық дәрі ел қоймаларында мен медициналық ұйымдарында жеткілікті екен. Осы айдың соңына дейін "Спутник V" вакцинасының миллионна астам дозасы шығарылмақ. Ал Асқар Мамин әкімдерге халықты вакциналау ісінде белсенді болуды да тапсырды. Екпе басталғалы елдегі эпидахуал тұрақталып, нәтижесінде науқастар саны азайған. Бүгінде ауруханалардағы орындар 36%-ке, жансақтау бөлімдері 28%-ке ғана толы.