Облыстық әкімшіліктің ақпаратына сәйкес, тасқын қаупі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара су қомасындағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты туындап отыр. Алдын-ала болжанғанындай, Шардарадан төменгі сағаға қарай жіберілетін су көлемі секундына 650 текше метрге дейін ұлғайтылды. Алдағы уақытта бұл сан арта түспек. Қазір Шардараға келетін су көлемі секундына 1500 текше метрді құрап отыр. Алдағы аптада Шардарадағы су деңгейі шарықтау шегіне жетеді деп күтілуде.
«Шұғыл кеңесте су мамандары оқиғаның түрлі өрбу жағдайларын саралады. Соның ішінде су жіберу көлемін секундына 800-850 текше метрге дейін арттыру мүмкіндігі де талқыланды»,- дейді әкімшіліктегілер. Әсіресе Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарындағы жағдай күрделі болғандықтан, «Қызылорда гидроторабының жоғарғы бөлігінен секундына 250-300 текше метр су алуға шешім қабылданды». Атап айтсақ, келетін артық суды облыстың оңтүстік бөлігіндегі Келінтөбе , Новошиелі және басқа да каналдарға бұрып жіберу ұйғарылды.
ҚР президентінің баспасөз қызметінен хабарлауынша, 10-ақпан, бейсенбіде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовке жеделхат жолдап, онда Шардара су қоймасының суға толуына байланысты қалыптасқан күрделі ахуалды жедел реттеуге шаралар қолдану қажеттігін атап өтті. Бүгін, 12-ақпанда И.Кәрімовтен жауап жеделхат келді. Жеделхатта Өзбекстан үкіметі тасқын болу қаупі бар аймақтағы жағдайды қалпына келтіру үшін Шардара су қоймасынан Арнасай ойпатына қажетті мөлшерде су жіберуге шұғыл шаралар қолданылғандығы айтылған.
Н.Назарбаев өзекті мәселені уақыт ұттырмай шешіп бергені үшін И.Кәрімовке ризашылық білдірді.