Жарияланды: 490

Қызылорда облысында 8 жерде ҰБТ қосындары жұмыс істеуде

Қазіргі күндері Қызылорда облысының орта мектептерінде Ұлттық бірыңғай тестілеу қызу жүріп жатыр.

Ол 4 маусым күні басталды. Екінші кезеңі кеше, 6 маусым күні өтті. Ал соңғысы ертең, 8 маусым күні болады. Облыста 8 жерде тестілеу қосындары жұмыс жасауда. Олар Арал ауданы №262 мектеп-гимназиясында, Қазалы ауданы №249 мектеп-лицейінде, Қармақшы ауданы №250 мектеп-лицейінде, Шиелі ауданы №46 орта мектепте, Жаңақорған ауданы №163 орта мектепте және Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеті мен «Болашақ» университеті жанында орналасқан. Облыс орта мектептері биыл 9150 түлек бітіреді. Олардың қатарында мемлекеттік емес мектептердің, Ж.Баһадүр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат түлектері мен Байқоңыр қаласының мектеп бітірушілері де бар. Осы түлектердің 6989-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Бұл ҰБТ-ға қатысудың 77,1 пайызын құрайды. Мектеп бітірушілердің 301-і - «Алтын белгі» белгісіне, 217-і үздік аттестатқа үміткерлер. Қазіргі таңда 50 шақырымнан алыс және жақын қашықтықтан қатынайтын мектеп бітірушілерді тасымалдауға байланысты оларды тамақтандыру, жатын орны жайлы мәселелер шешімін тапқан. Мектеп бітірушілердің ҰБТ тапсыру кезеңінде олардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздік шараларын сақтау жұмыстары ұйымдастырылуда. 2004 жылдан бері өткізіліп келе жатқан ҰБТ көрсеткіші алғаш рет 2010 жылдың қорытындысы бойынша облыстың білім саласы 3-ші орынға табан тіреді. Атап айтқанда, 2008 жылы 16 орында, 2009 жылы 12 орында болған. Сонымен қатар 130 бала «Алтын белгі» белгісін дәлелдеді. Жүздеген мектеп бітірушілер алыс және жақын шет елдерге оқуға түсіп, қазіргі таңда мектеп, облыс мақтанышы болуда. 2000-ға жуық мектеп бітіруші мемлекеттік грант иегері болып, отандық шетелдік жоғары оқу орындарында білім алуда.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін