Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, Қызылорда облысы бойынша 214 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Жеке және қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 19 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарда тұр. Құрылған кооперативтерді қаржыландыру «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында биылғы жылы бөлінген 1 765 млн теңге қаржы есебінен жүзеге асырылады.
Қазірдің өзінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы 15 кооператив 933,5 млн. теңгеге 5649 бас мүйізді ірі қара малын алуға қол жеткізді. Сондай-ақ, күріш жармасын сұранысы жоғары, қымбат нарықтарға шығару мақсатында «Ақтөбе и К» ЖШС-гі арқылы Иранда «Торем Хошеми» сортын биыл 100 гектарға егіп, 60 тонна ақ күрішті экспорттау, 2020 жылға қарай күріш егісінің көлемін 5 мың гектарға ұлғайтып, Иран Ислам Республикасына 8 мың тонна күріш өткізу жоспарлануда.
Иран Ислам Республикасы Сыр өңірінде өсірілетін күріштің «Новатор» сортына қызығушылық танытып, «Сыр Маржаны» ЖШС арқылы күрішті экспорттау мәселесіне байланысты жұмыстар да қатар жүргізілуде. Сонымен қатар, облыста бақша дақылын өндіріс негізінде егу көлемін ұлғайту арқылы, Ресейде сұранысы жоғары қауын сорттарын егіп, сыр қауынын экспорттау шаралары жалғасуда.