Жарияланды: 370

Қызылорда облысында газ баллоны жарылып, 4 адам зардап шекті

Қызылордада тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, 4 адам зардап шекті. Денесінің 50 пайызын күйік шалған ер азамат қазір ауруханада жатыр. Ал жарылыстан кейін 2 қабатты үй адам тұруға қауіпті деп танылып, тұрғындары тентіреп қалды.

Қызылорданың Тасарық ықшамауданындағы мына үйдің тұрғындары кеше кештен бері далада жүр. Жұмыстан кеп, кешкі астарын ішіп отырған жұрт дүмпуді ести сала, жанұшыра сыртқа атып шыққан. Сөйтсе, екінші қабаттағы үйде газ баллоны жарылып, бүтін бір отбасы жазым бола жаздаған. Мараттың әйелі мен екі баласы жеңіл жарақат алса, өзі денесінің 50 пайызын күйік шалып ауруханада жатыр. 

Марат Құлжанов, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Енді тамаққа отырып едік. Шәй қайнап болмады, газ таусылды. Жаңа газ алынды кеше, соны салу керек деді. Сосын бардым газ ауыстыруға. Ескі баллоннан ажыратып, жаңа баллонға редукторды салып едім, газ атқылап тұр. Қалған газды шайқап-шайқап жағайыншы деп едім, тұтатып қап едім, атылып кетті ғой. 

80-ші жылдары тұрғызылған үйдің онсыз да алқасы-салқасы шығып тұрған. Ал жарылыстан соң екі қабатты ортасынан бөліп тұрған бетон опырылып түсіпті. Енді ішіне кірмек түгілі жанына жолау қауіпті. Тұрғындар енді үйлеріндегі дүние-мүліктерін буып-түйіп туыстарын жағалап кетті.    

Зинагүл Пазылбекова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Азаннан бері жүрміз. Ешқандай әкім көмек беріп жатқан жоқ. Кешеден бері өзіміз, байымызбенен, 5 баламызбен 7 адам боп алып шықтық қой. Ешқандай МЧС көмектеспеді, бәрі біткеннен кейін келді.

Апат орнында қазір қалалық әкімдік жанынан құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр. Дегенмен қара суықта баспанасыз қалған жұрттың жайы не болары әзірге белгісіз.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін