Қызылорда облысында Сырдариядағы су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары одан әрі жалғасуда - kaz.caravan.kz
  • $ 509.94
  • 593.88
-2 °C
Алматы
2026 Жыл
10 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қызылорда облысында Сырдариядағы су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары одан әрі жалғасуда

Қызылорда облысында Сырдариядағы су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары одан әрі жалғасуда

АСТАНА. 13-ақпан. Kazakhstan Today. Қызылорда облысында Сырдариядағы су тасқынының зардаптарын жою жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

  • 13 Ақпан 2007
  • 570
Фото - Caravan.kz

Мекеме ақпаратына сәйкес, өткен тәуліктерде «Сауранбай» каналы суға толып кету салдарынан Айнакөл елдімекенінің маңында қорғаныс бөгеті тағы да бұзылды. Мұз жиналу салдарынан қала маңындағы «Көктем», «ДСК», «Бумажник» және «Пищевик» саяжайларының маңында өзен суының деңгейі көтерілді. Алдын-ала мәлімет бойынша, «Водоснабжение» саяжайлар учаскесіндегі 70 құрылыс су астында қалды. Қауіпті аймақтан бес отбасы өз бетімен басқа жаққа көшті. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ, бір адам басқа жаққа көшірілді.

Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов атындағы елді мекеннің маңындағы аумақта Әйтек гидроторабынан төмен қарай 8 шақырымда сол жағалаудағы қорғаныс бөгеттің бір бөлігін су шайып кетті. Әйтек гидроторабынан төмен қарай 4 шақырым, Қараөзек тармағынан 1,5 шақырым жерде өзен арнасы тазартылды. Жарылыс жұмыстарының нәтижесінде мұз сеңдері Әйтек гидроторабы арқылы төмен қарай жылжыды. Қызылорданың маңындағы жағалаудың үстімен «Қазқұтқару» МКК тікұшағы ұшып шықты.

Еске сала кетейік, 9-ақпан, жұмада Қызылордадан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерде бөгеттің бұзылуы салдарынан «Эдельвейс», «Водхоз» және ПМК-70 учаскелерінде 45 саяжай су ішінде қалды. Су тасқыны жалпы 14,5 гектар аумақты қамтыды. Өзеннің жағалауын бекіту жұмыстары сол күні жүзеге асырылды.

Алайда, ақпанның 10-ынан 11-іне қараған түні Қызылорда гидроторабының маңында мұз жиналу салдарынан Жаңадария маңында өзен тағы да арнасынан шықты. «Қала іргесіндегі «Тепловик», «Коммунальник» және «ПМК-29″ учаскелерді су басты», деп хабарлайды министрлік.

Құтқару шараларының барысында 892 адам басқа жаққа көшірілді. Мекеме ақпаратына сәйкес, адамдар Қызылорда қаласындағы №101 орта мектепте орналастырылды.

Қазір жағалауды бекіту және «Тепловик» және «ПМК-70» учаскелерінде, Қызылорда гидроторабы мен Александровск ауылында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Мекеменің хабарлауынша, 12-ақпан күнгі 23 сағаттағы жағдаймен төтенше жағдайларды жою жұмыстары басталғаннан бері кептелген мұзды жару жұмыстары 41 мәрте жүргізілді. Оқиғаның зардаптарын жоюға апаттан құтқару қызметтерінің 350 адамы мен 36 техникасы; облыстық судан құтқару қызметінің 16 адамы мен 2 техникасы; «Югвзрывпром» АҚ-ның 6 адамы мен 1 техникасы; ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің 70 адамы, 20 техникасы, «МИ-171» тікұшағы мен 8 қайығы тартылды.

Сонымен бірге, 12-ақпан күні 23 сағат 30 минутта Шымкенттен 10 тонна жарылғыш заттар мен 5 мың метр детонациялық сым тиеген «МАЗ» («Югвзрывпром» АҚ) автокөлігі шықты. Мониторинг жұмыстары жүргізілуде, Қызылорданың кәсіпорындары мен ұйымдары қорғаныс бөгеттің бекітілген бөліктерінде тұрақты кезекшілік ұйымдастыруда.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті