Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Қалдыбек Абдуллаевтың ақпараттарына сүйенсек, жергілікті кеніштерден ұрланған шикі мұнайды өңдейтін жасырын цех Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы мен Байқоңыр бойынша департаменті қызметкерлерінің полицейлермен бірлесіп жүргізген арнайы іс-шарасы барысында Қызылорда — Құмкөл тасжолының 80-ші шақырымында табылған. Кәсіпорынның аумағынан жөнелтуге дайындалған 15 тонна солярка мен 8 тонна мазут, сондай-ақ автоцистернасымен «ЗИЛ» көлігі тәркіленді.
Аталмыш дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша (заңсыз кәсіпкерлік) қылмыстық іс қозғалды.
Қ. Абдуллаевтың ақпараттарына сүйенсек, полицейлер жыл басынан бері көмірсутегінің заңсыз айналымына байланысты бес қылмыстық іс қозғаған, осы бес іс бойынша 21 адам жауапқа тартылған. Барлығы 245 тонна шикі мұнай тәркіленген. «2006 жылы облыста 21 қылмыстық іс қозғалып, 13 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған, 700 тонна шикі мұнай мен өңделген өнімдер тәркіленген»,- деп хабарлайды Қызылорда облыстық ІІД.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті