Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылының қорытындысы бойынша өткен кеңесте шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін кәсібін жаңадан бастаған үздік кәсіпкерлер марапатталып, оларға 1 млн теңгеден сыйақы берілді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Жиынға облыс кәсіпкерлері, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, екінші деңгейдегі өңірлік банктер мен қаржылық даму институттарының басшылары, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Аймақ басшысы жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы 3 маңызды мәселе шешіліп жатқанын атап өтті: біріншіден, ол салық базасының ұлғаюы, екіншіден – жаңа жұмыс орындарының құрылуы және үшіншіден — қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығының жақсаруы. "Біз өткен жылы жалпы бюджеті 32 млрд. теңге болатын арнайы «Жол картасын» әзірледік! Бұл қаражаттың 3 млрд. теңгеден астам бөлігін «Стартап» жобаларына бағыттадық. Ал биылғы жылы әртүрлі қаржы көздерінен 34 млрд. теңге қарастырдық. Сонымен бірге, қайтарымсыз гранттар, шағын несиелер мен несиелерді алудың қадамдық іс-әрекеттерін, типтік бизнес жоспарларды әзірлеп, жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейден жауапты лауазымды тұлғаларды бекіттік", — деді аймақ басшысы. Айта кетейік, 2018 жылдың басында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 37 450 бірлікті құраса, бүгінгі күні олардың саны 42 342 бірлікті құрайды. Яғни, бір жыл ішінде облыстағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің саны 4 892 бірлікке ұлғайып, өсім өткен жылмен салыстырғанда 13,1 пайызды құрады. Сонымен қатар, қазіргі таңда экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі, яғни 90 мыңнан аса бөлігі шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылған. Айта кеткен жөн ағымдағы жылы несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау үшін 750 млн. теңге қаралған болса, күні кеше облыстық мәслихаттың сессиясында қосымша 150 млн. теңге және шағын және орта бизнес субъектілерімен алынған несиені ішінара кепілдендіруге 100 млн. теңге бөлінді. Микро және шағын бизнес жобаларын қаржыландыру мақсатында биыл Өңірлік инвестициялық орталыққа 1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұдан басқа, «Даму» қорынан шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 800 млн. теңге тартылады. Қаражат бизнес үшін соңғы мөлшерлемесі жылдық 8 пайызбен, Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 10 млн. теңгеден 20 млн. теңгеге дейін 5 жыл мерзіммен берілетін болады. Облыс әкімі кеңеске қатысып отырған екінші деңгейдегі өңірлік банктер мен қаржы институттарының басшыларына "Кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік және өңірлік бағдарламалары бойынша жастардың бизнес жобаларына, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамытуға басымдық беру қажет» екендігін айтты. Сондай-ақ, өңірдің бәсекелестікте артықшылықтарының бірі бизнесті дамыту үшін көптеген мүмкіндіктер беретін агроөнеркәсіптік сектор да анықталды. Мысалы, өңірде 2688 жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру арқылы 106 кооператив құрылды, соның ішінде ауыл шаруашылығы кооперациясына біріктірілді. Кеңес қорытындысы бойынша "Үздік жас кәсіпкер", "Үздік ауыл әкімі", "Үздік бекітілген жауапты тұлғалар" (куратор) номинациялары бойынша, сондай-ақ кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері марапатталды. Аудандардан және облыс орталығынан ісін жаңадан бастаған 8 үздік кәсіпкер 1 млн.теңгеден ақшалай сыйақы алды. Ал ауыл әкімдері мен ауылдық округтерде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жауапты лауазымды тұлғалар құрмет грамоталары мен сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлеріне Құрмет грамоталары табысталды. Айта кетерлігі, шағын және орта бизнес саласындағы үздіктерді анықтау жөніндегі комиссия құрамына облыстық мәслихаттың хатшысы, "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары, облыс кәсіпкерлері, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ қаржы институттарының өкілдері кірді. «Осы қабылданған және алдағы уақытта қабылданатын шаралардың барлығы өңір бизнесінің дамуына қолайлы жағдайлар туғызады деп ойлаймын. Бірақ кәсіпкерлерден жұмыстарды одан әрі жандандыруды күтеміз», — деді аймақ басшысы.