Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Қызылорда облысындағы үш бірдей сайлау округында да қайта дауыс беріледі. №43 сайлау округінде Коммунистік партия мен ҚДТ блогының өкілі Батырхан Дәрімбет пен қазіргі депутат, «Отан» партиясының үміткері Ұзақбай Қараманов, №44 сайлау округінде дербес үміткер Тоқтар Әубәкіров пен «Отан» партиясының өкілі Қожахмет Баймаханов, №45 сайлау округінде өз бетімен сайлауға ат ұсынған үміткер Мұхтар Шаханов пен «Ақ жол» партиясының үміткері Нұртөре Жүсіп екінші турға шықты.
Маңғыстау облысында екі округтің бірінде сайлау қайта өтеді. №50 сайлау округінде «Отан» партиясының үміткері, Ақтау қаласының әкімі Серік Оспанов депутаттыққа сайланды. №51 округте Демократиялық партияның үміткері Зейнолла Алшымбаев пен «Отан» өкілі Бақтыбай Шелпеков екінші турға өтті.
Павлодар облысында сайлау қайта өтпейді. №52 сайлау округінде «Отан» партиясының үміткері Владимир Бобров, №53 округте қазіргі депутат, «АИСТ» блогының өкілі Тито Сыздықов, №54 округте «Отан» патриясының өкілі Аманқос Өтегенов жеңіске жетті.
Солтүстік Қазақстан облысындағы сайлау округтерінде қазіргі мәжіліс депутаттары қайта сайланды. №55 округте — «АИСТ» блогынан Иван Чиркалин, №56 округте тағы да «АИСТ» өкілі Михаил Трошихин, №56 округте өз бетімен ат ұсынған Еркін Рамазанов депутаттыққа сайланды.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы 10 сайлау округінің сегізінде сайлау қайта өткізілмек. №63 округте «Отан» партиясының өкілі Сатыбалды Ибрагимов, №67 округте — қазіргі депутат, «Отан» өкілі Төлебек Қосмамбетов сайланды. №58 округте қазіргі мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Амалбек Тшанов пен өз бетімен ат ұсынған Гүлнар Құрманбекова екінші турға өтті. №59 округте қазіргі депутат, «Отан» өкілі Асқар Бейсенбаев пен өз бетімен ат ұсынған Оразалы Сәбден екінші турға өтті. №60 округте дербес үміткер Қапалбай Тұрдыбеков пен қазіргі депутат, «Отан» партиясының үміткері Нұрдәулет Сәрсенов қайтадан бақ сынасады. Ал №61 округте «Отан» партиясынан үміткер ретінде ат ұсынған Ережепәли Мейірманов пен өз бетімен ат ұсынған Сауырбай Есжанов додаға қайта түседі. №62 округте өз бетімен ат ұсынған Нұрлан Жылқышиев пен «Отан» өкілі Жолдасбек Нүсенов екінші турға өтті. №64 округте екінші турға «Отан» өкілі Оңалбай Аяшев пен Демократиялық партияның өкілі Ибадулла Үмбетаев қатысады. №65 округте «Отан» партиясының өкілі Ермек Аббасов пен өз бетімен ат ұсынған Хамардин Махашев, №66 округте «Отан» өкілі Мұрат Жұрынов пен қазіргі депутат, «АИСТ» блогының өкілі Нұрбақ Рүстемов екінші турға шықты.