Қызылордада полиция қызметкерлері 3 адамды үйінді астынан аман алып шықты
Қызылордада полиция қызметкерлері 3 адамды үйінді астынан аман алып шықты, деп хабарлады облыстық ІІД баспасөз қызметінен. |
Ведомствоның атап өтуінше, оқыс оқиға 31 желтоқсан күні таңғы сағат 05:35 шамасында орын алды. Қаладағы Кеншінбаев көшесіндегі жеке үйде табиғи газ жарылып, 2 бала мен олардың анасы қирандылар астында қалып қойған. Осы маңда кезекшілікте жүрген «Боран» экипажы жарылысты естіп, дер кезінде көмекке келеді.
Түн мезгілінде қала тыныштығын қору «Боран» экипаждарының міндеті. Күнделікті қызмет бабымен, көшелерді шолып жүрген ішкі істер басқармасының «Боран» экипаж мүшелері Олжас Кәрібаев пен Бақытжан Дәуленов және учаскелік полиция инспекторы Бағдат Жанділдаев кенет жойқын жарылыс дауысына елең ете қалады. Артынша жарылыстың жақын маңдағы үйлердің бірінде болғанын байқайды.
«Жарылыс болған үйдің жанына жеткенімізде «көмектес!» деген дауысты естідік. Содан біз үйдің ішіне ешнәрсе ойламастан кіріп, ішінен әйелін және баласын, қызын үшеуін алып шығып, жақын маңдағы жедел-жәрдем пунктіне апардық", - дейді сол күнгі оқиғаның басы-қасында болып, бір отбасыны аман алып қалғандардың бірі учаскелік полиция инспекторы Бағдат Жанділдаев.
Полиция қызметкерлерінің өжеттігінің арқасында бір отбасының 3 мүшесіне шұғыл дәрігерлік көмек көрсетілді. Бүгінде 12 жасар қыз бен оның анасы облыстық медицина орталығында, ал 18 жасар ұлы қалалық ауруханада ем қабылдауда.
Апат кезінде ана мен бала өмірін құтқарып қалған сақшылар өз әрекеттерін ерлік емес, адами парыз деп есептейді. Тұрғындарға қауіп төнген шақта қиындыққа қасқая қарсы тұру қажет екендігін тәртіп сақшылары әрқашан естен шығармақ емес.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін