Жарияланды: 430

Қызылордада сегіз айлық нәрестені 100 мың теңгеге сатып жіберген әйел ұсталды

Қызылордада сегіз айлық нәрестені 100 мың теңгеге сатып жіберген қаныпезер әйел ұсталды. Мұндай қылмысқа барған қызының баласын, яғни жиен немересін сатып жіберген нағашы әже болып шықты. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы хабарлады.

Оқиға былай болған. Мейірімсіз әжей өз қызының қалдырып кеткен баласын асыраушылар болса берер едім деген ойын көршілеріне айтып жүреді. «Іздегенге - сұраған» демекші, бір күні көрші үйге қалада тұратын бала сүюге зар болып жүрген бір кейуана келіп, өзінің бала асырап алғысы келетінін айтады. Сол кезде үйге қолына кішкентай сегіз айлық баласын ұстап жаңағы әжей кірген. Әжей кеткеннен кейін бала асырап алғысы келетін әлгі әйел: «Бала кімдікі?», - деп сұрайды. Оған үй иесі оның туып-тастап кеткен бала екенін, асырайтын адам болса, жаңағы әжейдің бергісі келетінін айтып, жауап берген. Содан соң арада сауда-саттық жүріп, әжей мен әйел 100 000 теңгеге келіскен. Сатып алушы әйелді қандай ұят қысқаны белгісіз, алуға келгенде: «Баланың әжесін көрмей-ақ қояйын», - деп бөлмеден шықпайды. Ал 100 мың теңгенің буына мас болған әжесымақ немересін және оның жалғыз құжаты - медициналық картасын алып келеді де: «Баланы іздемеймін» деп, тілхат қағазын қалдырып кетеді. Арада бір жылдай уақыт өткесін, бала сатып алған әйел оның құжаттарын жөндемек болып, әжейдің үйіне келіп, заңдастырып беруін сұрайды. Мұның сөзін тыңдағысы да келмеген, ол: «Құжаты керек болса, 1 млн. теңге әкел, болмаса мені мазалама», - деп қабылдамай қояды. Осылайша адам саудалаушылар арасында дау туып, ақыры әшкереленеді. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть