Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.
«Жабырқағанның жанынан табылу, шарасызға көмек қолын созу, қайырымдылық жасау — халқымыздың қанына біткен асыл қасиеттердің бірі. Өздеріңіз білесіздер, осыдан бірер ай бұрын, үш бірдей бүлдіршінімізден қапияда көз жазып қалдық. Бұл қайғылы жағдай тек бір отбасының ғана емес, тұтас елдің қабырғасын қайыстырып, еңсемізді түсірді. Бірақ, Алланың ісіне амал бар ма?! Халқымызда «Қайғыны бөліссең азаяды» деген сөз бар. Олай болса, сол үш бүлдіршініміздің анасы Жәмилә Сәдуова қарындасымызға Сырдария өзенінің сол жағалауындағы жаңа қаладан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстағалы отырмыз», — деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 10 қаңтарында Қызылорда қаласы Махмұтов көшесіндегі жеке үйден өрт шығып, 2011, 2012 және 2014 жылы дүниеге келген үш бала иіс тиіп қаза тапқан болатын.
Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің демеушілігімен 1600-ден астам аз қамтылған жанұяға азық-түлік пакеттері таратылды. Қайырымдылық шарасы аясында қаржылық көмек көрсетуді қалаған жандар үшін «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешіті аумағында арнайы жәшік қойылды. Әрбір мекенжайға азық-түліктерді жеткізетін көліктер ұйымдастырылды.
Айта кетейік, қайырымдылық шараларын өткізу аймақта игі дәстүрге айналған. Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында аймақта жүйелі жұмыстар жүргізілуде: аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалып келеді. Осы білім грантының негізінде 2013 жылдан бастап 900 жуық талапты жас еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алуда.