Қызылордада жасөспірімдердің суға кету деректерінің көбеюіне байланысты брифинг өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қызылордада жасөспірімдердің суға кету деректерінің көбеюіне байланысты брифинг өтті

Қызылордада жасөспірімдердің суға кету деректерінің көбеюіне байланысты брифинг өтті

Қызылорда облыстық прокуратурасы жасөспірімдердің суға кету деректері көбейіп кетуіне байланысты брифинг өткізді. Оған сондай-ақ облыстық білім беру департаментінің бастығы Ж.Жонтаева мен Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің техникалық бөлім бастығы С.Үсенов қатысты.

  • 1 Маусым 2011
  • 641
Фото - Caravan.kz

Жиында облыстық прокуратураның қылмыстық процестің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Ә.Абдуллаев осы жылдың мамыр айының 22-25 күндері аралығы өзінде 6 жасөспірімнің Сырдария өзеніне суға түсу кезінде батып кетіп, қайтыс болғаны жайында сөз қозғады.

Нақтыласақ, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-гимназия тарих пәнінің мұғалімі М.Рахметова аталған мектептің 9 «в» сыныбының 16 оқушысын ата-аналары келісімдерімен «Қорқыт Ата» мұражайына экскурсияға алып келген. Ол қайтып бара жатқан жолында балалардың өтінішімен Сырдария өзенінің Диірментөбе елді мекені тұсындағы арнасына шомылуларына рұқсат берген. Соның салдарынан 2 оқушы — 1995 жылғы Е.Нұрмағанбет пен 1996 жылғы Ә.Зейнолла өзеннен шыға алмай батып кеткен. Аталған балалардың мәйіттерін құтқарушылар ертеңіне тапқан. Оқиға болған жерге келген марқұмдардың ата-аналары балалардың денелеріне сот-медициналық сараптамасын жүргізуге қарсылығын білдіріп, олардың суға бату фактісі бойынша ешкімге қояр талаптары жоқ екендігін білдірген.

Сырдария өзенінің Байқоңыр қаласынан Қармақшы ауданы бағытына қарай 3 шақырым жерде орналасқан бөлігіне Төретам кентінің № 80 мектептің 18 оқушысы өз беттерінше суға түсуге барған. Шомылу кезінде Төретам кентінің тұрғыны, 1995 жылы туған Айман Жазираның суға батып бара жатқанын көріп, оны құтқаруға келген осы кент тұрғыны 1995 жылы туған Сухашев Асылбектің өзі сыртқа шыға алмай қалған. Ал Жазира Байқоңыр қалалық ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлік көмек көрсетілген. Қазір құтқарушылар марқұмның денесін іздестіріп жатыр.

Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасына «Ақмешіт» шағын ауданының тұрғындары, №1 мектеп-гимназиясының 1 сынып оқушысы 2003 жылы туған Е.Ахметов пен №9 орта мектептің 3 сынып оқушысы 2002 жылы туған Е.Саламаттың хабар-ошарсыз кеткендігі жөнінде хабарлама келіп түскен. Іздестіру амалдарын жүргізу барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Судан құтқару қызметі» құтқарушыларының күшімен Сырдария өзенінен аталған балалардың мәйіттері табылып, жағаға шығарылды.

Шиелі аудандық ішкі істер бөліміне Қарғалы ауылындағы №241 орта мектебінің 11 сынып оқушысы 1993 жылы туған Г.Шерназардың Сырдария өзеніне батып кеткендігі туралы хабарлама түскен. Аталған мектеп бітіруші сыныптарының оқушылары мен жетекшілері түстен кейін дария жағасына демалуға барған. Шамамен бір сағат уақыт өткенде жасы кәмелетке толмаған Г.Шерназар жағада жүріп өзенге түсіп кеткен. Оны шығарып алмақшы болған үш ер баланы сол жердегі ересектер құтқарып қалған. Аталған фактілер бойынша қазір тергеуге дейінгі тексеру амалдары жүргізілуде.

— Қазіргі уақытта оқу жылының аяқталуына байланысты мектеп оқушылары табиғат аясына шығуды өздері немесе оқытушылары ұйымдастыруда. Сондықтан, осы брифинг арқылы барлық мектеп мұғалімдері мен ата-аналарды балалардың мұндай серуендеріне тыйым салуға шақырамыз. Бара қалған күнде де олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек, -деді басқарма бастығы Ә.Абдуллаев сөзінің соңында.

Соңғы жаңалықтар