Қызылорда қаласының Титов тұрғын ауданында ұзақ уақыттан бері бос тұрған ескі жатақхана ғимаратының бір бөлігі опырылып құлады. 1971 жылы салынған ғимарат Титов 16А тұрғын ауданында орналасқан, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 28 ақпанда түнгі сағат 22.40 шамасында жатақхананың бос тұрған бөлігі опырылып түскен. Жедел ақпарат бойынша зардап шеккендер жоқ.
Қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменовтің айтуынша оқыс оқиға туралы хабар жергілікті уақытпен сағат 22.40-та түскен.
«Жедел жұмыстар жүргізіліп, жатақханада тұратын 46 жанұяны қауіпсіз жерге эвакуацияладық. Оларға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Тұрғындар тамақ және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Қаладағы жедел штаб қажетті заттарды жинау жұмыстарын жүргізІп жатыр. Алдағы уақытта болған жағдайға байланысты нақты ақпарат беріледі», — деді қала әкімінің орынбасары.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов апат болғандығы жөнінде 112 телефонына хабарлама түскен бойда оқиға орнына "Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағының" 1 бөлімшесі жіберілгенін мәлімдеді.
«Олар Титов қыстағындағы 16А мекенжайындағы жатақханының 4 подьезінің 1 қабатынан 5 қабатқа дейін құлағандығы анықталды. Қазіргі кезде осы жерде жеке құрамның 82 маманы мен 17 арнайы техника жұмыс жасап жатыр», — деді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы.
«Талап» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Улья Арынованың айтуынша, жатақхананың құлаған бөлігінде тұрғындар болмаған.
«Құлаған жерде адам болған жоқ, бұл бөлік бос тұрған. Адам шығыны болған жоқ. Ар жағында тұратын 46 пәтердегі тұрғындар «Мұрагер» мектебіне шұғыл көшірілді. Ертең, 1 наурызда олардың уақытша тұрғылықты жерлері қайдан берілетіндігі анықталады.. Апаттың себептері анықталып жатыр. Әзірге неден болғаны белгісіз», — деді Улья Арынова.
Бұл жағдайды қала мен облыс әкімдіктері бақылауға алған.