Жарияланды: 110

Қызылордадағы апат: жаңа деректер пайда болды

Қызылордадағы апат: жаңа деректер пайда болды

Кеше "Қызылорда-Құмкөл" тасжолында таңғы 04:30 шамасында Қызылордадан 70 шақырым қашықтықта жолаушылар автобусы аударылды.

Жол апаты жүргізушінің көктайғақ салдарынан рөлге ие бола алмай қалуынан болған. Оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 21 адам емдеу орындарына жатқызылды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан
мәлімдегендей, автобуста 36 жолаушы болған. "South Oil" серіктестігінің қызметкерлері отырған автобус құмкөл кенішінен жергілікті уақытпен түнгі 01-30 шамасында Шымкент қаласына қарай бағыт алған.

Оқиға орнына жедел жәрдем көліктері мен тиісті сала басшылары жедел жеткен. Департамент басшысы жол-көлік оқиғасына байланысты
қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Қазіргі таңда автобус ішінде болған азаматтар туралы мәліметті анықтауға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптама тағайындалды, – деді Бектөре Сұлтан.

Ауыр жарақаттанған 6 адам облыстық ауруханаға жеткізілді. 16-сы орташа деңгейде, жетеуі жеңіл-желпі жарақаттанған. Республикалық шұғыл медициналық көмек орталығы тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр, санитарлық авиация бригадасы да оқиға орнына барған.
Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Ысқақовтың айтуынша, жарақат алған 21 адам облыстық және қалалық ауруханаларға жатқызылған.

Оқиға орнында барлығы 7 жедел жәрдем көлігімен дәрігерлер алғашқы көмек көрсетті. Санитарлық авиация желісі пайдаланылды. Жарақат алған 21 адам облыстық медицина орталығы мен қалалық ауруханаға жатқызылды. Оның 17-сі облыстық медицина орталығында ем қабылдап жатыр. Оның 5-еуі жансақтау бөліміне орналастырылды. Қалалық ауруханаға жеткізілген 4 науқастың 1-еуі жансақтау бөлімінде. Оларға барлық тиісті емдеу шаралары жасалуда, – деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін