Танымал әнші Caravan.kz медиа порталына берген сұхбатында сол ойын тағы да толықтыра түсті.
— Саят аға, қалай ойлайсыз елімізде тоқал алуды билік тарапынан заңдастыру мүмкін бе?
— Мен айта алмаймын оны. Мүмкін бе, мүмкін емес пе? Менің қолымдағы дүние емес. Заңды бекітетін кімдер, депутаттар. Солар қолға алып, солар шешетін дүние ғой. Біз сияқты қарапайым әншінің қолынан келмейді. Біздікі халықтың әңгімесін айту, халықтың сөзін айту. «Би айтқан сөзді құл да айтады, бірақ бидің ауызы дуалы» дейді ғой қазақ. Халықтың сөзі, соны біз жоғарғы жаққа жеткізу үшін айтамыз. Біз би болмасақ та әйтеуір ел арасында жүрген соң елдің сөзін айтамыз. Ол жоғарғы жақтың құлағына іліне ме, жоқ па оны білмейміз.
— Негізі елдің айтқаны ғана емес, жеке өзіңіз де тоқал алу мәселесін қолдайсыз ба?
— Енді мен де елдің арасынанмын ғой. Елдің бірі менмін. Түптің түбінде айналып келген кезде бұл ұрпақ сабақтастығы. Қазір қалай, бір ана ары кетсе 3 бала туады одан кейін туғысы да келмейді. Екіншіден, қазақта қазір бойдақ қыз көп. Ажырасқандар көп. Оның бәрі далада қалу керек пе? Оны түрік те алады, шешен де алады. Жақсы, алып, адам қылса мейлі, қаншама қазақтың қызы шетелге барып, жылап, елге қайта алмай жатыр. Бұл біздің қазақтың намысына тимей ме? Тиеді. Соны ойластыру керек.
— Шетелдік күйеу балалардың қаптап кетуі де сіздің намысыңызға қатты тиетін шығар.
— Иә, тағы бір мәселе, мүмкін мемлекеттік тұрғыда еуроодаққа кірген соң болмайтын шығар, бірақ дегенмен қызымызды қытай алса, болмаса түрік, өзбек, қырғыз алатын болса, неге біздің мемлекет оған азаматтық беру керек? Қай қазақтың Ата-Заңында бар еді? Қыз жат жұрттық. Кетті, болды. Күйеу балаңа азаматтығыңды берме. Қазақта «Күйеу – дұшпан» деген сөз бар. Кетті ма сол елге кетсін. Ал бізде қытай да қазақтың қызын алып, азаматтығын алады. Өзбек те сөйтеді. Керісінше тиген қыздың азаматтығын алып қоятын болса, ешкім басқа ұлтқа тұрмысқа шыққысы келмейді. Осыдан барып тәрбие бұзылады. Тие ме сол елге кетсін. Біздің қазақта қызды қайтармауға тырысқан. Осы заңды мемлекет қолға алса деймін. Азаматтық бермеу туралы заң шығарса.
— Саят аға, өзіңізде тоқал бар ма?
— Мен өзімнің отбасым туралы көп айтпаймын. Айтқым да келмейді. Ол жария ететін дүние емес. Ол менің жеке өмірім.
— Өзіңіз қыз өсіріп отырған шығарсыз? Болашақта қыздарыңыз да біреуге тоқал боламын десе, сізге ауыр болмай ма?
— Мен қарсы емеспін. Егер асырай алатын болса, жағдайы келсе, үйін әперіп, жағдайын жасап беретін болса, неге қарсы болуым керек, қарсы емеспін.