Қызын үндіге күйеуге берген тараздық әйел енді сол перзентін таппай жылап отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қызын үндіге күйеуге берген тараздық әйел енді сол перзентін таппай жылап отыр

Қызын үндіге күйеуге берген тараздық әйел енді сол перзентін таппай жылап отыр

Тараз тұрғыны Сәулехан Әбдіханова шетел асып кеткен қызын іздеп таппай жүр. Оның айтуынша, осыдан жеті жыл бұрын Үнді мұхитындағы Маврики аралына Үндістан азаматымен ілесіп кеткен Ақмарал  Әбдіхановадан 4 жылдан бері хабар жоқ. 30 жастағы келіншекті іздеу жұмыстарына еліміздің Сыртқы істер министрлігі араласқанымен әзірге нәтиже болатын емес.

  • 14 Желтоқсан 2017
  • 8695
Фото - Caravan.kz

Ал бауыр еті баласын жоғалтқан ана тиісті орындардан оны іздеу ісін күшейтуді сұрап отыр. Себебі, ол перзентін құлдықта ұстап отыруы мүмкін деп есептейді, деп хабарлайды КТК телеарнасы..   

Өзінен шамамен 20 жас үлкен Сэнди Тайламимен Ақмарал Әбдіханова 21 жасында Алматыда жүріп танысқан. Қазақ қызына көзсіз ғашық болған үнді азаматы өзінің фирмасына сүйіктісін директор етіп тағайындап қояды. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтеруге уағдаласып, қалыңдығын күйеу жігіт ата-анасына таныстыру үшін Үндістанға алып кеткен. Сөйтіп, Ақмарал он күннің ішінде будда дінін қабылдап үлгеріпті. 

"Қызым біртүрлі өзгеріп келді. Үш бөлмелі үйдің бір бөлмесіне кіріп кетіп, жоқ, жоқ. Сосын қарасам былай отыр бұрышта. Алдына суреттерді қойып қойыпты. Үндінің суреттерін. «Келін» киносы бар ғой сондағы қоңырау, кішкентай ыдыстар сондайды қойған. Түтін шығып жатыр, сөйтып былай отыр. Қызым-ау не істеп отырсың десем, Құдайға табынып отырмын деді" дейді С.Әбдіханова. 

Сәулехан Әбдіханова қызын Исламды қайта қабылдауға көндіре алмаған. Кейін ол ешкімге ескертпестен сүйіктісі Сэнди Тайламимен Маврики аралына біржолата көшіп кетеді. Содан бері жақындарымен тек телефонмен байланыста болған. Ал, анасымен соңғы рет 2012-ші жылы тілдескенде ренжісіп қалыпты. Өйткені ол Үндістан азаматтығын алу үшін туу туралы куәлігін беруді сұраған. 

"Сен қазақтың қызысың ол жақта қалмайсың, бермеймін деп едім. Ашуланып қоя салды. Содан бері маған мүлдем соқпайтын болды. Бірақ үлкен әкпесіне хабарласып тұрған екен. Суреттерін жіберіп тұрған, екеуі сол жақта үйленген. Той көйлегін киген" дейді көз жасы көл болған ана.

Жат жұртта жүрген Ақмарал 4 жылдан бері мүлдем хабарсыз.  Ал осы жылдың наурыз айында Сәулехан мен оның үлкен қызының ұялы телефонына белгісіз нөмірлерден қоңырау шалынған. Бірақ байланыс жөнді болмай, дауыс естілмепті. Ал анасы бұл құлдықтағы қыздың белгі беруі деп есептейді.


Зейнеткер бұдан кейін бірден Сыртқы істер министірлігіне арыз жазған. Бірақ дипломаттар бірнеше елшілікке хат жолдағанымен, Ақмаралдың жер шарының қай түкпірінде жүргенін анықтай алмаған. Сөйтіп, істі көші-қон қызметіне тапсырған. Енді хабарсыз кеткен қызды халықаралық қылмыстық полиция іздестірмек.

"Күнде азанда да, түнде де, жатарда да "Ақмаралым, Құдай сені адастырды ғой,енді Алла тағала сені қайтарса екен" деп Алладан тілеймін. Күнде сұрап, Аллаға жалынамын" дейді С.Әбдіханова

Бауыр еті баласын жоғалтқан ана қызының үнді азаматына қосылуына рұқсат бергеніне қатты өкінеді. Бірақ болары болып, бояуы сіңген соң тағдырдың жазуына көнбеске амалы жоқ. Оның ендігі арманы – кенже қызы Ақмарадың амандығын білу. Ал, іздеу жұмыстарының қиындауына қарағанда Ақмарал Әбдіханова азаматтығын ауыстырған немесе аты-жөнін өзгерткен болуы мүмкін.