Осы шара кезінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, Рәбиға Сыздық Caravan.kz медиа порталының тілшісіне сұхбат берді.
Академик сұхбат барысында Ұлы Абайдың 100 жылдығының қалай өткенін еске алып, жазушы Мұхтар Әуезовпен кездескенін айтып, Абайдың арқасында ғылымға келгенін айтып берді.
“Мұхтар Әуезов бір сағат баяндама жасады, мен есімнен танып қала жаздадым”
“1945 жылы соғыс бітті, Алматыға келіп ең бірінші тыңдағаным, Мұхтар Әуезовтың сөзі болды. 1945 жылдың ғажабы біздің үкіметіміз соғыстың біткенін тойлаған жоқ, соғыс бітті әрине. Біздің халқымызға пайдалы, халқымыздың мүддесі бар тақырыпты қуанышты іске қосайық деп ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының туғанына дәл 100 жыл болғанын қосып атасақ деді. Бұл 1945 жылы болатын. Ұлы Абай 1845 жылы өмірге келді ғой. Сол Ақтөбе облысынан, мен туып-өскен 6 адам болып Алматыға делегация болып келдік. Сөзді жазушы, Ұлы Абайды жақсы білетін Мұхтар Әуезовке береміз деді. Шықты, ол кезде жастау кезі, толықтау келген, бірден Абайдың бір шумақ өлеңінен бастады. “Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла, мыңмен жалғыз алыссам кінә қойма”, — деп басталады ғой. Соны айтып отырып, Абайды таныстырды. Бір сағаттай баяндама жасады, мен есімнен танып қала жаздадым. Ол кезде мен Абай туралы 8 сыныпқа сабақ беріп, мектепте өлеңдерін жаттатып, Абай туралы өтіп жүргендердің бірімін”, — деді академик Рәбиға Сыздық.
“Ұлы Абай тіпті басқаша екен”
Академик Рәбиға Сыздық сұхбат барысында 1945 жылдары сабақ беріп жүрген кездегі Абайдың басқаша екенін, Мұхтар Әуезовтың аузынан естіген Абайдың мүлдем басқаша екеніне көзі жеткенін айтты.
“Ең таң қалғаным, біздің мектепте оқытып жүргеніміз, оқулықтарда айтылып жүрген Абай туралы сөздер тіпті басқаша екен. “Абай деген мынадай екен ғой, мынадай ақын екен ғой, мыналарды сөз еткен ғой, мыналарды жырлаған екен ғой”, — деп әлде бір жаңа дүниеге келгендей болдым. Мұхтар Әуезовтың Абай Құнанбайұлы туралы айтқандары, сөздері сондай ұнады”, — деді Рәбиға Сыздық.
“Ұлы Абайды жақсы көрмейтін адам жоқ, оны оқымаған адам жоқ”
Caravan.kz медиа-порталының тілшісіне сұхбат берген ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Сәтіғали Құтқожиннің қызы Рәбиға Сыздық аспирантурада оқып жүрген кезінде, Жазушы Мұхтар Әуезовтың сөзіне құлақ асып, Ұлы Абайды жіті зерттегенін атап өтті.
“Мен 4 жылдық институтты екі жылда бітірдім. Мені аспирантураға қалдырды. Аспирантураға қалғаннан кейін белгілі бір тақырыпты таңдауым керек. Әркім әртүрлі тақырыптарды айтып жатты, ҚазҰУ-дың және өзге де оқу орындарыныың профессорлары әртүрлі тақырыптарды ұсынып жатты, мен аспирантурада отырмын. Сол кезде, Мұхтар Әуезов тұрып: “Осы Абайдың қара сөздерінде “Барарға керек, Айтарға болар”, — деген сияқты тұлғалар бар. Қазақ тілінде осылай “Барарға керек, Айтарға болар”, — деп айтыла ма? “Барарға керек” емес, “бару керек”, — деп айтамыз. “Айтарға керек” емес, “айту керек”, — дейміз, соны зерттеу керек. Тілді зерттейтін ғалымдар осыған көңіл аударса”, — деді Мұхтар Әуезов.
Әуезовтың айтқандары бірден ұнады. Ұлы Абайды жақсы көрмейтін адам жоқ қой, оқымаған адам жоқ. Осыған байланысты іштей ой қорытып отырдым. “Абайдың қара сөзіндегі қазір айтылмайтын морфологиялық тұлғалар қазақтың толғауларында бар ма екен, батырлар жырларында бар ма екен, соны зерттеу керек”, — деді. Соны естіген мен қуанып кеттім
“Ғылымға Абайды тану арқылы келдім”
“Біреуі тұрып “Осыны тақырып етіп алсақ”, — деді, мен бірден “жарайды”, — дедім. Осылай ғылымға бірінші Абайды тану арқылы, Абай туралы мерекені құттықтау арқылы, мерекеге келген бойда ғылымға да келдім деуге болады. Докторскийде 4 монография жаздым, “Абайдың сөз байлығы”, “лексикалық қазынасы”, “Абай өлеңдерінің өрнегі”, — жақсылығы, әдемі жері деген сөз және Ұлы Абайдың қара сөздері. Қысқасы, 4-5 жылдың ішінде 4 кітап шығардым. Содан кейін барып докторлық еңбегімді қорғадым. Докторлық қорғамай тұрып, академияға ауыстым. Оған дейін 9 жылдай мектеп кітаптарының, яғни оқулықтарды шығаратын баспада жұмыс жасадым. Институтты бітіргеннен кейін баспада 9 жылдай отырып, жұмыс істедім. Осылайша, 33 жасымда ғылымға келдім”, — деп еске алды академик Рәбиға Сыздық.
Сұхбаттың соңында академик қазақстандықтарды Ұлы Абайдың 175 жылдығымен құттықтады.
“Мереке құтты болсын, сәтті өтсін. Тек “Абай жақсы, Абайдың өлеңдері жақсы, анау жақсы, мынау жақсы”, — демей, сол жақсылықты дәлелдейтін баяндамалар жасалып, мақалалар жазылып, кітаптар шығып, соны басшыларынан бастап қатардағы мұғалімдер, жазушылары, ақындарына дейін атап өтіп жатса әрине нұр үстіне нұр болар еді. Бұл жалғыз Ақтөбе облысы емес, бүкіл Республикамыздағы қолға алынып отырған үлкен шаруа. Құтты болсын, сәтті болып өтсін”, — деп сұхбатты аяқтаған академик Рәбиға Сыздық сөз соңында халықты Ұлы Абайды 175 жылдығымен құттықтады.
Рәбиға Сыздық — саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Сәтіғали Құтқожиннің қызы. 1924 жылы Ақтөбе облысы, Ойыл ауылында өмірге келген. 1940- 1994 жылдары аралығында “Мектеп” қазіргі “Рауан” газетінің редактор, редактор меңгерушісі қызметін атқарса, 1961-1967 жылдары аралығында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институында қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы бөлімінің меңгерушісі атанған. 1980-1994 жылдарындағы аралығында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институында тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
Академик 1972 жылы Филология ғылымының докторы атанса, 1989 жылы профессор атанды. Рәбиға Сыздық 1989 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері атанса, 2003 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Рәбиға Сыздық 1994 жылдан бастап құрметті демалыста.
Естеріңізге сала кетейік, Биыл ұлы ақын Абай Құнанбайұлына дүниеге келгеніне175 жыл толады. Осыған орай Абай атындағы опера және балет театры Абайдың туған жері Семейде, сонымен қатар Анкарада, Лондонда және Парижде “Абай” операсын қоюға дайындық жүргізіп жатыр.
Ал Өскемендегі автомобиль құрастыру зауыты Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған LADA Granta бірегей сериясын шығарды. Бірегей серияның атауы – “Абаймобиль”, — деп аталады.