Бұл туралы деп Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды baq.kz -ға сілтеме жасап.
Аружан Тоқан үшін азапқа толы ол күндер қазір артта қалды. 2012 жылы оннан енді ғана асқан бала онкологиялық ауруға шалдығады деп ешкім ойламаса керек. Өйткені алғашында оған туберкулез диагнозы қойылыпты. Кейін Аружаннан онкологиялық аурудың екінші сатысы анықталған.
"Алғаш естігенде жылап, жаман күйге түстім. Дегенмен маған жақын жандарым көмектесіп, демеп отырды. Сондай-ақ дәрігерім мен психологтар да көмегін аямады. Әрдайым жанымнан табыла білген анамның көмегі зор болды. Мен жыласам ол да жылайды, қашанда жанымды түсіне білді. Мені өмірге жетелеген тағы бір жайт спорт болды. Соның арқасында осы дертті жеңіп шықтым деп ойлаймын. Қазірде спортты жаныма серік етудемін, яғни каратэмен айналысамын. Спортпен айналыссам ауырғанымды ұмытып, өзімді жайлы сезінемін," — дейді Аружан.
Өмірге деген құлшынысының арқасында обыр ауруын жеңе білген Аружанның жасы қазір 17-де және Алматыдағы Авиациялық колледждің екінші курсында оқып жатыр.
Бұл аурудан жазылып шыққандар туралы мәлімет аз.
Қазақ онкология және республикалық ғылыми-зерттеу институты Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күніне орай өткізген жиынға Аружан сияқты жаман ауруды жеңе білген бірнеше адам шақырылыпты. Жиын барысында олар да аты "жаман" ауруды қалай жеңгендерін айтып берді.