Мемлекет басшысының өкімімен басқа жұмысқа ауысуына байланысты Рахат Мұхтарұлы Әлиев Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметінен босатылды.
«Сыртқы саясат саласындағы біздің басты мақсатымыз — еліміздің 2009-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төраға болуға өтініш білдіруі болмақ… Осы мақсатты жүзеге асыру үшін президент мені Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымындағы төтенше және өкілетті елшісі ретінде жіберуде»,- деді агенттікке берген сұхбатында Р.Әлиев. «Мен елді де, ұйымды да жақсы білемін, сол себепті біз табысқа жетеміз деп сенемін»,- деді ол.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін Дулат Қуанышев атқарған.
Елбасының өкімімен басқа қызметке ауысуына байланысты Дулат Оразбекұлы Қуанышев Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі лауазымынан, Қазақстан Республикасының Словения Республикасындағы, Хорватия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті