Жарияланды: 500

Рахат Әлиевтің “Нұрбанк” менеджерлеріне жасаған әлімжеттілігін дәлелдейтін фильм көрсетілді

Бүгін құқық қорғау органдары Рахат Әлиевтің “Нұрбанктің” топ-менеджерлеріне көрсеткен әлімжеттілігін дәлелдейтін фильмді көрсетті. Онда Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті тура фашистерше ұзақ қинағаны байқалады. Бұны олардың бас сүйектеріндегі көптеген сынықтар көрсетіп отыр. Осы айғақтар бойынша бұған дейін сырттай 40 жылға сотталған Рахат Әлиевке ресми түрде «екі банкирдің өлімін ұйымдастырды» деген жаңа айып тағылды.

Құқық қорғау органдары  аталмыш іс бойынша негізгі дәйекті арнайы түсірілім бойынша көрсетті. Бұл сәтте тергеу ісінің жұмысын тікелей ІІД басшылары да отырып қарады. Басты дәйек - осы жылдың 13-ші мамырында Жолдас Темірәлиевтің, Айбар Хасеновтың табылған мәйіттері. Мұнда тіпті темір бөшкеге салынып, әк құйылған мүрделер көрсетілді. Полиция өкілдері: «Қос банкир әбден қорлық көрген» - дейді. Тіпті Рахат Әлиев басқарған қылмыстық топ жәбірленушілерді қинау үшін фашистердің концлагерлік  әдістерін қолданған.

Нұрмахан Исаев, ҚР Бас прокуратурасы тергеу және анықтаудың заңдылығын қадағалау жөніндегі департаментінің бастығы:

- Бөшкелердегі мәйіттердің жайғастырылғаны, атап айтқанда, аяқтары бүгілген, қолдары қайырылған. Бұл оларды өлтіргеннен кейін көмілгенін айғақтайды. Осыған байланысты Қылмыстық Кодекстің 96-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс 2007 жылы қозғалған іспен біріктірілді.

Полиция бүгінде  аталмыш қылмысты бүге-шігесіне дейін анықтады. Одан бөлек, марқұмдардың жеке тұлғасын анықтау үшін медициналық сараптама жүргізгені белгілі. Бұл ретте банкирлердің із-түзсіз кеткені әлемдік ақпарат құралдарында талқыланған соң, күмән тудырмау мақсатында  германиялық сараптау орталығы да қосымша зерттеу жүргізген. Алайда әкте сақталған мүрденің жеке басын анықтау оларға да қиын болған.

Михаэль Тсокос, Берлиндегі «Шаритэ» медициналық институтының директоры: 

-  Мұндай зерттеулер негізі  екі-үш  күн жүргізіледі. Бірақ бұл жолы табылған мүрде ұзақ уақыт әкте сақталғандықтан, қатты бүлінген. Сондықтан біз айға жуық қосымша жұмыстар жүргіздік. Тексерудің нәтижесі бойынша бүгінде табылған мүрделер 100 пайызға Темірәлиев пен Хасеновке тиесілі деуге негіз бар.

Кеше ғана Президент Нұрсұлтан Назарбаев құзырлы орган басшыларын жинап, осы мәселе төңірегінде де сөз қозғады; «Әлиев қалай да жазалансын» - деп шегелеп айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-  Австрия біздің тығыз экономикалық қарым-қатынастағы одақтасымыз. Бүгінде Австрия билігінің осы қылмыскерлерді құрықтап беруден бас тартуына ешқандай негіз жоқ. Банкирлерді өлтірген қылмыстық топ жазасын алуы тиіс. Рахат Әлиев қазір үрейде жүр. Өзінің кінәсін түрлі қитұрқылыққа салып, мойындағысы келмейді. Бұған қарамастан, біз істі соңына дейін жеткізуіміз керек.

Бас прокуратура Рахат Әлиевті елге қайтаруға қажетті дәлелдер жеткілікті екенін айтуда. Австрия билігінің де оны экстрадициялау мәселесін қарастыруға  дайынбыз деп мәлімдегені белгілі. Енді сырттай кесілген 40 жылға тағы да жаза қосылуы мүмкін. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін