Биылғы жылдың көктемінде аталмыш жарыстың тұсауы кесілген болатын. Басты жекпе-жекте атышулы Ресей спортшысы Расул Мирзаев пен қандасымыз Ержан Естанов шеберлік байқасты. Өкінішке қарай, бұл бәсеке ұпай санымен Мирзаевтің пайдасына шешілді. Осы жеңістің арқасында Расул өзіне тиесілі әлем чемпионы атағын сақтап қалды.
Кейіннен екі жақ өзара келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде Расул мен Ержан қайта күш сынасатын болды. Бұл жолы Естанов ел сенімін ақтайды деп үміттенеміз. Өйткені Алматыда өтетін бұл жарыс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орайластырылып отыр. Ал осындай мереке кезінде қазақ жігітінің жеңілуге еш хақы жоқ.
«Ұлы майдан» жарысы барысында қазақтың қос мақтанышы — Қайрат Ахметов пен Аслан Тоқтарбаев чемпиондық тәж үшін айқасады. Әр жеңісінен кейін «Қара жорға» билейтін Қайрат айқас алаңында бірде-бір рет жеңіліп көрген емес. Оның бүркеншік есімі — «Қазақ».
Ал Аслан бауырымыз «Арыстан» деген лақап атпен танылды. Екеуінің де қарсыласы өте қауіпті.
Бұл кеште Ахметов Күншығыс елінен келген Татсуей Ватанабемен айқасады. Осы күнге дейін Ватанабе 21 кездесу өткізіп, 14 рет жеңіске жетті. Төрт рет ұтылып, тағы үш бәсекені тең аяқтады. Тоқтарбаев америкалық Кевин Круммен күш сынасады. АҚШ спортшысы 16 кездесуде 12 рет жеңіс тойын тойлады, деп хабарлады alasharena.kz.