Жылдың ең көп талқыланған бастамасы жайлы халық не деп жатыр? Қоғам белсенділерінің пікірі қандай? Caravan.kz тілшісі шолу жасап көрді.
АЭС құрылысы кімге және не үшін керек?
Қазақстанда энергия тапшылығы жылдар бойы сезіліп келеді. Мамандардың хабарлауынша, энергия тапшылығы, әсіресе, часпик уақытында 1 гигаватт мөлшерінде сезілетін көрінеді. Сонымен бірге, ашық дереккөздердегі мәліметтер бойынша, энергия тапшылығы оңтүстік өңірлерде көп сезіледі. Онда жоғарыдағы көрсеткіш 2,7 гигаваттқа дейін жетеді екен.
Одан бөлек, Қазақстанда энергия беріп отырған дәстүрлі энергия көздерінің азып-тозғаны байқалады. Тіпті, жол жүріп, елдің әң өңіріне сапар шексеңіз, ондағы ескірген жарық бағаналарын көресіз.
Бұған қоса, Қазақстанда жер жаһандағы сияқты энергияны тұтыну мөлшері жыл санап артып келеді. Кез келген дамыған елдегі сияқты біздің елде де күнделікті өмірде тұтынуға қажет тұрмыстық техника, тіпті гаджеттер мен ұялы телефондардың өзі энергияны талап етеді.
Сол себепті, жоғарыдағы факторларды ескере келе, Үкімет елдегі энергия тапшылығын жою үшін, АЭС салу бастамасын қолға алды. Қазіргі таңда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, Қазақстанда референдум өтіп, халықтың АЭС салуға деген көзқарасы айқындалды. Сол сияқты, Қазақстанда АЭС-ті қай өңірде салынатыны да белгілі болды. Бүгінгі күні, электр станциясын енді кімдер әрі қалай, қандай қаражатқа салады деген мәселелер өз шешімін табуда.
АЭС туралы қоғам белсенділерінің пікірі қандай?
Қазақ қоғамында АЭС тақырыбы соңғы бірнеше жыл бойы талқыланып келеді. Кейбір қоғам белсенділері оны жақтаса, енді бірі әлі күнге дейін даттап келеді. Сонымен, елді елең еткізген АЭС туралы кім не дейді? Қысқаша шолу жасап көрсек…
Танымал жиһангез, қазақ тілді блогер Динара Болат өзінің АЭС жайлы пікірінде елге мұндай энергия көзі қажет екендігін, алайда оны салуда сапаға мән берген жөн деп санайды.
«Насихатқа қатыспадым. Қарсымын деп те пікір қалдырмадым. Себебі, мен де көзі ашық көп қазақтай екіойлы едім. Жүрегімде Семейден қалған тыртық бар. Қорқады, күмәнмен қарайды. Ал миым болса салқынқанды, батыл бол. Ұрпақты ойла дейді.
Мойындауымыз керек ғалым емеспіз. Бұл тұрғыда білгеніміз аз. АЭС салынады дегелі өзіміз гугл қопарып, одан қалды жан-жақты ақпараттан көпнәрсе біліп қалдық. Жеріміздің біраз бөлігі сейсмоқауіпті саналады екен. Оның әсерін төмендетудің, алдын алудың жағдайлары бұл станция құрылысында қарастырылған деді. Алайда қауіпсіз АЭС салудың да шығыны айтарлықтай көп деседі. Екінші мәселе АЭС-ын қай мемлекет салатыны көпті алаңдатып отыр. Ресей мен Қытай салса арзанға шығады. Бұл жерде көршілерімізге қаржылай тәуелді болу қаупі бар. Франция мен Корей елі салса, шығын көбейеді. Бір ойым: қай шенеуніктің қалтасына кетпей жатқан ақша, салынатын боп жатса тәжірибесі озық ел сапалысын салып берсін.
Референдум өткізіп, халықтың ойын сұрап жатқандарына да, бейжай қалмай участкеге барып өзінің азаматтық позициясын білдірткендерге де алғыс. Халықтың пікірімен санасудың өзін демократияның көрінісі деп бағалауға болады. Мен де барып өз дауысымды беріп келдім. Көптікіндей жалғыз тілек менде. Неде болса еліміз үшін, ұрпақ үшін қайырлы болатынын берсін қайырлы болатынын берсін», — деп өз ойын білдірді блогер.
Қоғамда АЭС салуға қарсы болған жандар да емес. Солардың бірі Мұхтар Түменбай. Ол АЭС салуға әлі ерте екенін, сол себепті қордағы қаражатты үнемдеу қажеттігін атап өтті.
«Энергетика министрлігі Ұлттық қордағы қалған-құтқан қаржыға қол салғысы келіп отыр. Оны жасырмайды да. Сонымен бірге шетелден инвестиция мен коммерциялық капиталды тартамыз дейді…Онсыз да қарызға белшесінен батқан, оның үстіне мердігері халықаралық санкциядан көз ашпай отырған болса, ондай елге кім ақшасын салады? Бюджеті шұрық тесік үкіметтің гарантиясын да ешкім қабылдамайды. Олай болса шетел капиталынан үміт үзе беруге қазірден болады. Осы орайда менің АЭС салғыштарға бір ұсынысым бар. Қайдан қаражат алудың көзін айтайын ба сендерге? Ертең референдум өткен соң краудфандинг қорын ашайық. Қазақша айтқанда краудфандинг елден пітір-садақа жинау әдісі. Соған АЭС салуды қолдағандардың бәрін түгел ақша аударуға міндеттейік. Қолдаған екен, онда қаржылай да үлестерін қоссын», — деп өткір пікірін жеткізді қоғам белсендісі.
АЭС-ке қатысты халық пікірі қандай?
АЭС құрылысына байланысты халықтың көзқарасын білу үшін, әлеуметтік желідегі түрлі пікірлерге көз жүгіртсек болғаны. Олардың арасында біреулер аталған бастаманы қос қолдап қолдап жатса, енді бірі түбегейлі қарсы екенін жарыса жазып жатыр:
«Осы АЭС салынатын — Үлкен- менің ауылым, 28жыл тұрдым, жолдасыи электрик еді! Басында Счастливый деген ПГТ болған, 90 жылдары ГРЭС болады деп дүрілдеді, одан АЭС болады деді, ровно 40 жыл болыпты шулатқанына! Балалар өскен соң, Алматыға жылжыдық, 4жыл болды Түркия, Италиядамыз. Тас түскен жеріне ауыр — деген, жақсы болса да, жаман болса да бәрін көретін — Үлкен! Әрине құдай сақтасын, жаманшылықтан! Бүйрегіміз бұрып тұрады, зейнеттегі маған саясат керек емес, тыңдамаймын да! Бірақ Үлкеннің, Қазақстанның болашағына алаңдаймын! Ел аман, жұрт тыныш болсын!»
«Біздің елде жеңіл өнеркәсіп, завод…ештеңе жоқ тек осы АЭС керек пе? Су тапшы өзен, көлдер тазартылмайды) Балқаштың құртып алсақ….қорқыныш көп қарсы болдым….Жолдарды көріп отырмыз қандай екенін ….Көктем су басқан дағы үйсіз қалған халық…..Сенімсізбін….«
Екі ойлымын. Бір жағы қорқыныш, бір жағы болашаққа керек. Тартылған Аралдың жанында тұрғасын Балқаш та Аралдың күйін кешпейді ме деп те ойланам. Алла еліме хайырлысын берсін.
АЭС-ке қатысты сан түрлі пікір болғанымен, «шешінген судан тайынбас» дегендей, оның салынатыны әрі бюджеттен құрылысқа қажет ақша бөлінетіні анық. Ал, оның пайдасы мен энергия тапшылығын жабу мәселесі алдағы бес, бәлкім он жылдықта біліне жатыр. Бәрі тек уақыттың еншісінде…