Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының жаңа баяндамасында айтылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Деректерге сәйкес, жыл басынан бері рубль теңгеге қатысты 41%-ға қымбаттаған.
Бұл жағдай Ресейден келетін инфляциялық қысымның күшеюіне жол ашып, ішкі нарықтағы баға өсімін жеделдетіп жіберді.
Сонымен қатар, логистикалық шығындардың артуы мен жекелеген нарықтардағы бәсекенің әлсіздігі де ақша-несие саясатын қалыпқа келтіруді қиындатып отыр.
Ресей — Қазақстанның екінші ірі сауда әріптесі. 2025 жылдың қаңтар–мамыр аралығында екі ел арасындағы тауар айналымы 9,6 млрд долларды құрады.
Сауда серіктестері тізімінде бірінші орында Қытай (11,9 млрд доллар), одан кейін Италия, Нидерланды және Франция тұр.
Жалпы, биылғы бес айда Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 4,5%-ға қысқарып, 53,5 млрд долларға жеткен. Бұл ретте экспорт 9,2%-ға азайса, импорт керісінше 2,2%-ға артқан.