Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Астанадағы Масленица мерекесінде соғыс туралы сөйлеген сөзі әлемжеліде тарады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бородавкин ел алдында: «1945 жылғы жеңіс секілді, ол күнді тағатсыздана күтіп отырмыз. Жеңістің жақын қалғанына сенімдімін…», — деген.
Журналист Ардақ Бөкееваның пікірінше, бұл кездейсоқтық емес, саналы түрде жасалған дипломатиялық арандату. Себебі Масленица Ресейдің «әскери операциясымен» еш байланысы жоқ, бейбітшілік пен татулықты білдіретін мейрам.
«Елшінің мұндай жерде соғыс пропагандасын таратуы Қазақстан халқының, әсіресе еліміздегі украин этносы мен соғысқа қарсы миллиондаған аудиторияға бағытталған арандату ретінде бағалануы тиіс», — дейді әріптесіміз.
Бұған дейін ұқсас жағдайда украиналық дипломат Петр Врублевский Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған еді.
Ол кезде Парламент депутаттары дереу реакция білдіріп, Сыртқы істер министрлігі елшіге наразылық нотасын тапсырған. Енді осыған ұқсас, тіпті одан да сорақы жағдайға байланысты Ассамблея депутаттары мен Сыртқы істер министрлігінің Ресей елшісіне қатысты қандай шара қолданатыны беймәлім болып отыр.
Ардақ Бөкееваның пікірінше, СІМ кем дегенде Бородавкинді шақырып, түсініктеме алуы тиіс. Егер қазір үнсіздік танытсақ, ертеңгі күні бұдан да қауіпті арандатуларға жол ашылып кетуі мүмкін.
«Дипломатиялық алаңда осындай қауіпті мәлімдеме жасалса, «қолы босаған» сәтте көршіміз бізге қатысты қандай қадамға баруы мүмкін деген сұрақ туындайды», — дейді ол.
Бородавкин кейсі Қазақстанның сыртқы саясаты үшін үлкен сынақ. Биліктің осы сынақтан қалай өтетіні қызық болып тұр, деп жазды Әшкере телеграм арнасы.
Видео Рауль Упоровтың парақшасынан алынған.