Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ресей бокс федерациясының хабарлауынша, 25-ші рет өткізілген бокстан әйелдер арасындағы Ресейдің ішкі чемпионатына 172 спортшы қатысқан. 81 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қандасымыз финалдық кездесуде әлем чемпионы Анастасия Демурчянды жеңген.
Чемпионат барысындағы барлық кездесуде айқын басымдықпен жеңген Салтанат Меденова финалдық кездесудің оңай болмағанын айтады.
«Психологиялық тұрғыдан қиындау болды. Бірақ, рингке шыққаннан кейін өзімді жеңіл сезіндім. Анастасияның менің салмағыма ауысқалы жүргенін білгендіктен, бұл жаңалықты естігенде таң қалған жоқпын. Сондықтан онымен рингте кездесуге алдын ала дайындалып жүрдім. Мен Ресейдің үш дүркін чемпионы атандым. Бірақ бұл қуанышты толық сезініп тұрмын деп айта алмаймын. Мүмкін бұл нәтижені ертең толық сезінетін шығармын. Қазір отбасыма, жақындарыма оралып, анаммен кездесуге асықпын», — дейді Салтанат Меденова Ресейдің бокс федерациясына берген сұхбатында.
Ресейдің бокс федерациясының ресми сайтындағы дерекке сенсек, Салтанат алтын медальдан бөлек, 1,5 миллион рубль көлемінде ақшалай сыйлық алған. Бұл қаржы 11 қараша күнгі валюта курсымен 7 580 287 теңге.
Интернет желісіндегі Уикипедия ашық энциклопедиясынан Салтанат Меденова туралы ақпарат іздеп көрдік.
Салтанат Серікқызы Меденова — 2001 жылы, 27 сәуірде Омбы қаласында дүние келген. Орта және ауыр салмақта өнер көрсететін боксшы. 2021 жылы бокстан спорт шебері атағын алған. Бокстан Ресей құрама командасының мүшесі. Ресейдің үш дүркін (2021, 2023, 2024) чемпионы. Бірнеше халықаралық турнирлердің жүлдегері атанған. Спортшы 2023 жылы Сібір мемлекеттік университетін тәмәмдаған.
Фото: Салтанат Меденованың жеке парақшасынан алынды