Ресейге қарсы санкциялар мен мұнай бағасы: Қазақстан экономикалық сынақтарға дайын ба? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ресейге қарсы санкциялар мен мұнай бағасы: Қазақстан экономикалық сынақтарға дайын ба?

Ресейге қарсы санкциялар мен мұнай бағасы: Қазақстан экономикалық сынақтарға дайын ба?

Еуроодақ Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін енгізді. 

  • 24 Қазан
  • 235
Фото - Caravan.kz

BBC агенттігінің мәліметінше, Еуропалық одақ Ресейге тағы санкция салды. Бұл шаралар 2027 жылға дейін Ресейден Еуропаға сұйытылған газды жеткізуге және мұнайды заңсыз тасымалдаумен айналысатын кемелерге шектеу қояды. Сондай-ақ ресейлік дипломаттар Одаққа мүше елдерге кіре алмайды. Бұған қоса АҚШ та жақын арада Ресейге қарсы жаңа санкцияларды қабылдайды. Аталмыш геосаяси ахуалды отандық сарапшылар мұқият бақылап отыр. Қазақстанға неге дайын болу керек? Caravan.kz медиа порталының тілшісі сарапшылардың пікіріне сүйеніп, тақырыпты саралап көрді. 

Мамандардың айтуынша, жаңа шектеулер халықаралық төлем жүйелеріне, сондай-ақ теңге бағамына, мұнай экспортынан түсетін табысқа және көрші елдермен экономикалық байланыстарға әсер етуі мүмкін. Ал үкімет кез келген жағдайға дайын болу үшін резервтік жоспар жасап қойыпты. 

Халықаралық санкциялар және олардың ықтимал әсері

Еуроодақ жуырда он тоғызыншы санкциялар пакетін бекітті. Бұл тізімге біздегі бір банк те ілінген. Осылайша, отандық кәсіпкерлер үшін еуро және доллармен халықаралық есеп айырысу ісінде жаңа кедергілер пайда болуы ықтимал. Десе де, бұл еліміз үшін қысқа мерзімде пайда әкеледі. Ал теңге бағамы қоғамды расымен де алаңдатып отыр. Экономистер мен саясаттанушылар жағдайды жіті бақылап, шектеулерден туындайтын қыиндықтардың салдарын бағалауда. 

Экономистердің айтуынша, мұндай шектеулер сыртқы экономикалық байланыстарды баяулатып, бизнес шығындарын арттырады және шетелдік серіктестермен мәмілелерді қиындатуы мүмкін.

«Бұдан ең алдымен шағын кәсіпкерлер зардап шегуі мүмкін. Ірі компаниялар әдетте тексерілген, сенімді банктермен жұмыс істейді және өз операцияларын жалғастыра алады. Ал шағын бизнес, әсіресе Ресей немесе Қытаймен сауда жасайтын кәсіпорындар төлемдердің кешігуіне, қосымша комиссияларға және өзге де қиындықтарға тап болуы ықтимал», — дейді AERC қолданбалы зерттеулер департаментінің кеңесшісі Ерасыл Серікбай. 

Мұнай бағасының өсуі және оның ықпалы

Санкциялар мен геосаяси шиеленіс аясында мұнай бағасы да айтарлықтай өсті. Бір тәулікте Brent маркалы мұнайдың фьючерстері шамамен 3,5% қымбаттап, барреліне 65 доллар деңгейіне жетті. Бұл соңғы бес айдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, Ресей мұнайының экспортталуына қойылған шектеулер әлемдік нарықтағы ұсыныстың азаюына және бағаның көтерілуіне алып келді. 

«Мұнай нарығында біз Ресеймен көбіне бәсекелес елміз. Ресей мұнайының жеткізілімі шектелсе, баға көтеріледі. Бұл, белгілі бір дәрежеде, Қазақстан үшін пайдалы, өйткені біздің мұнай секторымыздың табысы артады», — дейді сарапшы.

Мұнай бағасының өсуі бірқатар қауіппен қатар жүреді. Ресейлік компаниялармен бірлескен жобалар санкциялық қысым астында қалуы мүмкін, бұл инвестиция көлемін азайтып, энергетикалық саладағы халықаралық есеп айырысуларды күрделендіреді.

«Қазір “Қаламқас-Хазар» жобасының болашағы өзекті мәселе болып отыр. Онда “Лукойлдың” үлесі — 50%. Жоба тікелей санкциялық тізімге енбесе де, АҚШ санкцияларының ережесіне сай, егер компанияның қатысу үлесі 50%-дан асса, онда шектеулер автоматты түрде оған да тарайды», — дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов. 

Үкіметтің резервтік жоспары бар

Қазақстан билігі кез келген сценарийге дайын болуға тырысып жатыр. Ұлттық банк басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ерулан Жамаубаев Сенат дәлізінде журналистерге берген сұхбатында, үкіметтің мұнай бағасының өсуі салдарынан туындайтын ықтимал теріс әсерге қарсы резервтік жоспары бар екенін айтты.

Оның сөзінше, мұндай сценарий ел экономикасына елеулі әсер етуі мүмкін, сондықтан Қазақстанға экономиканы әртараптандыру бағытында нақты шаралар қабылдау қажет болады.

Ал Еуроодақ санкциясына іліккен Қазақстан банкіне келсек, Жамаубаев бұл банктің қазіргі уақытта операцияларының көлемі азайғанын айтып, оның елдің қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай әсер етпейтінін жеткізді.

«Бұл банк жалпы алғанда қаржылық тұрақтылыққа теріс ықпал етіп отырған жоқ. Мен бұдан айтарлықтай қауіп немесе тәуекел күтіп отырған жоқпын. Біз салымшылардың қаншасы қалатынын және оның жалпы қаржы жүйесіне қалай әсер ететінін бақылап отырамыз», — деді ол.

Сондай-ақ Ерулан Жамаубаев әрбір салымшының өз қаражатын қай банкте сақтайтынын өзі шешетінін еске салды. 

«Егер азаматтар басқа банкті таңдаса, бұл олардың заңды құқығы. Ал егер банкроттық немесе қиындықтар туындаса, депозиттерді кепілдендіру жүйесі жұмыс істеп, клиенттердің қаражатын заң аясында қорғайды», — деп толықтырды Ерулан Жамаубаев. 

Белгісіздік аймағы және бейімделу

Еуроодақ пен АҚШ енгізген жаңа санкциялар желтоқсанның 2-сінен бастап күшіне енеді. Сарапшылардың бағалауынша, олардың Қазақстан экономикасына әсері жанама сипатта болады. Себебі елдің қаржы жүйесі соңғы жылдары мұндай сыртқы күйзелістерге бейімделіп үлгерген.

Дегенмен мамандар уақытша теңге бағамының құбылуы мен сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компаниялар үшін әкімшілік шығындардың артуын жоққа шығармайды.

Экономистер қазақстандықтарды сабыр сақтауға және жағдайды байыппен бағалауға шақырады.

«Қазақстан мұндай санкциялық кезеңдерден бұған дейін де өткен. Қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін жеткілікті құралдар мен тетіктер бар», — дейді мамандар.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан алдағы санкциялық толқынға дайындық үстінде. Қысқа мерзімде белгілі бір пайда байқалуы мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді перспективада ел үшін ең бастысы — тұрақтылықты сақтау, экономикалық дербестік пен серіктестік қатынастарды тең ұстау болмақ.

Перейти к новостям спорта