Ресей президентімен өткен алдын-ала сұхбат барысында Н.Назарбаев: «Қазір республиканың энергетика министрлігі айрықша ірі үш жобаны қарастырып жатыр. Бұл — Құрманғазы, Центральное және Хвалынское кеніштеріне қатысты. Бұл жобалар бойынша келісімдер топтамасына қол қоюға әзірленуде»,- деді.
Қазақстан Елбасының хабарлауынша, Ресейдің «ЛУКОЙЛ» мұнай компаниясы Қазақстанның энергетика саласына 2 млрд. долларға жуық инвестиция жұмсады.
Сондай-ақ, Н.Назарбавтың айтуынша, ол екі ел үшін де тиімді болып табылатын Орынбор газ өңдеу зауытына Қарашығанақ кенішінен газ жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Сондай-ақ, Н.Назарбаевтың пайымдауынша, Қазақстан мен Ресей үшін Каспий құбыр консорциумының мүмкіндіктерін жылына 28 млн. тоннадан 67 млн. тоннаға дейін жеткізу тиімді. Алайда, президенттің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар қазір «шамалы тоқырап қалды».
В.Путин сонымен бірге келіссөздер барысында электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық тақырыбы да сарапқа салынатынын хабарлады. Ол осы орайда КТК мұнай құбырына қатысты мәселені жеке-дара талқылауды ұсынды. Өйткені, бұл салада біршама қиындықтар жинақталып қалғандықтан, «мәселені көп жақты әрі кешенді талқылау қажет».
Ресей президенті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, екі мемлекет басшысы бүгін, кездесудің ресми бөлімі аяқталғаннан кейін сұхбатты бейресми форматта Шымбұлақ тау шаңғысы базасында жалғастырады. В.Путин бүгін, 12-қаңтарда Мәскеуге оралады.